29 там, 2017 сағат 11:24

ҚР Үкіметінде 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қабылданды

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның негізгі параметрлерін таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Министр атап өткендей, жобаның негізгі сипаттамалары Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасына және 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес айқындалған. 

Мәселен, болжамдардың керітартпалығына қарамастан, бюджетке түсетін түсімдер құрылымы сапалық тұрғыдан өзгерді. 

Б. Сұлтановтың мәлімдеуінше, мұнайдан өзге түсімдер көлемі 2018 жылы 5 271,4 млрд теңгені құрайды, бұл биылғы жоспардан 19,3% артық. 

Өсімнің негізгі факторлары ел экономикасын жаңғырту, ішкі және сыртқы макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру және салықтық әкімшілендіруді жақсарту болды. 

Бюджетке мұнай түсімдерінің көлемі биылғы жылмен салыстырғанда 1 901,3 млрд теңгеге төмендеді, ол мыналар есебінен:

  • кепілдендірілген трансфертті кезең-кезеңімен төмендету, Ұлттық қордан мақсатты трансфертті тартудан бас тарту;
  • мұнай бағасын бір баррелі үшін 50-ден 45 долл. дейін түзету нәтижесінде ЭСА түсетін түсімдер көлемін азайту. 

Сонымен қатар министр шығындарды оңтайландыру жүргізілгенін айтты, бұл тұста бюджет жобасы Үкімет алдына қойылған барлық міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етеді:

  • шығындардың әлеуметтік бағыттылығын күшейту және бұрын қабылданған барлық міндеттемелерді орындау арқылы адам капиталын дамыту; 
  • экономиканы цифрландыру және технологиялық жаңғырту, аграрлық секторды, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту;
  • мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 

Б. Сұлтанов республикалық бюджет шығындары 2018 жылы 9 217,9 млрд құрайтынын атап өтті, бұл биылғы жоспардан 134,6 млрд теңгеге артық.

«Шығындар құрылымында басым бөлігін немесе 44,5% әлеуметтік сектор шығындары құрайды, олар биылғы жылмен салыстырғанда 400 млрд теңгеден астамға өсті», — деді Б. Сұлтанов.

Мәселен, өсімнің негізгі құрауышы зейнетақы мен бала туғанда тағайындалатын жәрдемақы көлемін өсіру, оның ішінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы мен зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қарау нәтижесі болып табылады. 

2018 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 1,4 трлн теңге қарастырылған. Биылғы жылмен салыстырғанда шығындар көлемін төмендету екі негізгі фактормен себептелген: 

  • бағдарламаны қаржыландыру көздерін Ұлттық қордың мақсатты трансферінен мұнай емес кірістерге өзгертумен; 
  • биылғы және келесі жылғы бюджет қаражатын квазимемлекеттік секторлар субъектілерінің игеру болжамымен. 

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 512,6 млрд теңге сомасы көлеміндегі шығындар қарастырылған, оның ішінде 2018 жылға  — 243,3 млрд теңге.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына 208,8 млрд теңге бағыттау ұсынылады, оның ішінде 125,2 млрд теңгесі - 2018 жылға. 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша 2018 жылға қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттыру (субсидиялар), су шаруашылығы мен ветеринарияны дамыту, фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына 195 млрд теңге қарастырылған. 

Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға 232,9 млрд теңге сомасы көлеміндегі шығындар қарастырылған, оның ішінде 2018 жылға - 76,1 млрд теңге.

2018 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 292,6 млрд теңге бағытталады. 

Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ішкі тұрақтылықты қолдауға жұмсалатын шығындар 2018 жылы 1 088,9 млрд теңгені құрайды. 

Б. Сұлтанов атап өткендей, республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ қатысты 2018 жылы 1,1%-дан 2019-2020 жылдары 1,0% дейін төмендетілді, бұл мемлекеттік қарыз көлемін орташа деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

Заң жобасын Үкімет мүшелері қолдады. Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына биылғы жылдың қыркүйек айында ұсынылады.