#
#
Сейсенбі 21/11/2017

ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк Bank RBK жұмысын тұрақтандыру бойынша қажетті шараларды қабылдады

  • 07.11.2017
  • 0
  • 1040

Қазақстан Үкіметі Ұлттық банкпен және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бірлесіп «Bank RBK» Банкі» АҚ-ты қалыпқа келтіру шараларының кешенін әзірледі. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі уақытта «Bank RBK» Банкі» АҚ өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етумен байланысты қиындықтарды бастан кешіріп отырғаны белгілі. Соған байланысты Банктің клиенттік төлемдерді уақтылы жүзеге асыруы шектеулі.

Бұрын хабарланғандай, Ұлттық Банк ҚР Үкіметімен және әлеуетті инвесторлармен бірлесіп келіссөздер жүргізді, соның нәтижесінде Банкті қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешені әзірленді.

Данияр Ақышев қалыпқа келтіру моделі Банкті инвесторлардың 160 млрд теңге сомасындағы қаражаты есебінен капиталдандыруды және Банктің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында инвесторлардың оның бизнес-моделін одан әрі жетілдіруін болжайтынын айтып берді. Сонымен қатар шаралар кешені акционерлер мен басқа байланысты тұлғаларға берілген шамамен 600 млрд теңге сомасындағы проблемалық портфельді жеке арнайы қаржы компаниясына беруді көздейді.   

Ұлттық Банк басшысы арнайы қаржы компаниясына берілген міндеттемелерге берілген портфельден түсетін түсімдер есебінен қызмет көрсетілетінін нақтылады.

«Жақын уақытта Ұлттық Банк Басқармасы Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаға қатысу шеңберінде Банктің шамамен 240 млрд теңге сомасындағы өтінімін қарайды», -  деді Д. Ақышев.

Ол жоғарыда көрсетілген қалыпқа келтіру шаралары Ұлттық Банк қазіргі уақытта іске асырып жатқан, Ұлттық Банк Басқармасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 129 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаның бір бөлігі болып табылатынын атап өтті.

Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру нәтижесінде Банктегі ахуал тұрақтанады деп күтіледі.

«Өтімділіктің түсуіне қарай жақын арада Банк әлеуметтік тұрғыдан маңызды төлемдер бойынша, сондай-ақ ұсақ және орта салымшылардың депозиттері бойынша міндеттемелерді орындай бастайды», - деп атап өтті Ұлттық Банк Басшысы.

Қазіргі кезде Банкте жеке тұлғалар жалпы алғанда 28 139 шот ашып, 188 млрд теңгеге салым салған. Соған байланысты мемлекет Ұлттық Банк, Үкімет және квазимемлекеттік сектор қаражатының есебінен Банкке қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.

Ұлттық Банк Банктің ағымдағы зиянға әкеп соққан кредит саясатын іске асыруы бөлігінде Банктің уәкілетті органдарының қызметіне талдау жүргізеді, содан соң тиісті материалдар одан әрі шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.  

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар