09 шіл, 2018 сағат 11:29

ҚР СІМ Соловьевтің бағдарламасында айтылған сөздерге түсінік берді

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасының 2 шілдедегі шығарылымында айтылған сөздерге түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ток-шоуда жүргізуші мен қатысушылар "Каспийде АҚШ әскери базалары орналастырылған" деген қауесетті айтып, бұған теріс пікір білдірген. 

"Мұндай пікірлерге ресейлік БАҚ өкілдері мен сарапшылардың нақты мәліметі жоқ болғандығы себеп секілді. Ал нақты дерек мынадай - мұнда мәселе Қазақстан аумағынан өтетін америкалық ұшпайтын коммерциялық теміржол транзитінде болып отыр. Бұл транзит Ауғанстан үкіметіне қолдау көрсетуге арналған халықаралық операциялар үшін қажет", - деп пікір білдірді СІМ өкілдері.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, тасымал жабық контейнерлермен тоқтаусыз қазақстандық ұлттық компанияның әрдайымғы бақылауымен жүргізілуі тиіс. 

"Каспийде ешқандай да әскери база жоқ. Қайталап айтамыз, транзит әскери емес жүктер үшін ғана қолданылады. Транзит үшін Қазақстан территориясы ғана емес, АҚШ-тан Ауғанстанға дейінгі аралықты жалғайтын басқа да елдердің аумағы қолданылады", - деді ведомстводағылар.

ҚР СІМ мәліметінше, мұндай транзит ресейлік тараптың да аумағынан өткен.

"2010-2015 жылдар аралығында дәл осы жүк транзиті Ресей, Қазақстан, Өзбекстан аумағы арқылы Солтүстік үлестіру жүйесі шарттарына сәйкес жүргізілген. Қазақстан территориясынан өтетін америкалық осы коммерциялық теміржол транзиті 2010 жылы бекітілген. Транзит ресейлік-америкалық келісімдегі шарттармен бірдей. 2017 жылдың қыркүйегінде осы аталған келісімнің хаттамасына қол қоя отырып, біз Ақтау мен Құрық порттарындағы өткізу пункттерінің тізімін ғана қостық. Хаттама мазмұны РФ мен АҚШ арасында қарастырылған шартпен бірдей. Мұнда мәселе америкалық әскери базаларды немесе қандай да бір басқа мемлекеттік әскери базаларды Каспийде орналастыру жайында емес", - деді сыртқы саяси ведомстводағылар.

Баспасөз қызметіндегілер құжатты бекіту алдында Қазақстанның өз серіктестерімен, бірінші кезекте ресейлік СІМ-дегі әріптестерімен консультация өткізгенін айтып отыр.

"Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы өз міндеттемелеріне тұрақты және толықтай жауапкершілікпен қарайды. Бұл батыс елдеріне де, оның ішінде АҚШ-қа да мәлім", - деді ведомстводағылар.

Сөз соңында министрліктегілер "Мәскеу мен Вашингтон арасында конструктив диалог пен сенімнің қалпына келуіне мүдделі" екенін мәлімдеді.