20 нау, 2020 сағат 15:19

ҚР СІМ Штаб жұмысы туралы

COVID-19 коронавирус індетінің өршуіне байланысты СІМ-де дағдарыстық Штаб іске қосылды, ол ҚР-ның шет елдердегі мекемелерінде құрылған барлық жедел штабтардың жұмысын үйлестіреді.

Қазір әлемнің 73 елінде 295 мыңға жуық қазақстандық бар

Шетелдердегі Қазақстан азаматтарының тізімі сағат сайын нақтылануда. ҚР елшіліктеріндегі штабтар азаматтарға Отанына оралудың мүмкіндіктері туралы қажетті нұсқаулықтар мен ақпаратты ұсынады.

Шетелдердегі біздің азаматтарымыздың көп бөлігі, солардың ішінде тұрақты тұруға, жұмыс, оқу және т.б. мақсатта шет елдерде тұратын азаматтарымыз, әсіресе жағдайы тұрақты елдерде тұратындар, қайтып оралуға ниет білдірмейді. Олардың арасында дүрлікпе мен үрей жоқ. Олар орналасқан елдің ұсыныстары мен ережелерін басшылыққа алады, карантин режимін және үйде оқшаулауды сақтайды. Қазір таңда біздің азаматтарымыздың үйлеріне оралуы – СІМ жұмысының негізгі басымдығы болып табылады. Қазіргі таңда әлемнің 23 елінен 1285 азамат Қазақстанға оралуға ниет білдіруде. Бұл шет елдердегі қазақстандық туристерді есептемегенде, оларды шығарумен қазір Мәдениет және спорт министрлігі айналысуда.

Қазіргі уақытта ел Үкіметі халықаралық авиақатынастардың жабылуына байланысты ең алдымен Польша, Грузия және Әзербайжаннан ҚР азаматтарын қайтару туралы шешім қабылдады.

СІМ қазақстандық азаматтарды қайтаруды ұйымдастыру барысында басқа мемлекеттік органдармен тығыз үйлесімді жұмыс атқаруда. Қазақстандықтардың үйге қайтып оралуын Эйр Астана және Скат авиакомпаниялары төмен бағамен рейстерді ұйымдастыру арқылы жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Мәскеу қаласындағы Внуково әуежайындағы 30-ға жуық қазақстандықты елге қайтару мәселесі тұр. Олардың қолында билеттер бар, олардың ұшу уақыты бойынша SCAT авиакомпаниясымен келісу жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар, Ресейдің басқа да қалаларынан біздің азаматтарымызды қайтару бойынша қиындықтар бар – олар Омбы (26 адам), Новосибирск (8 адам), Екатеринингбург (11 адам), Барнаул, Самара (10 адам), Челябинск, Орынбор және т. б.

Қазір Бішкек қаласында Атыраудан келген бір топ азаматтарымыз бар. Олардың арасында ерекше тасымалдау шарттары талап етілетін ДЦП диагнозы бар балалар болғандықтан бұл жағдайда Қорғаныс министрлігінің авиациясы пайдаланылатын болады.

Қазақстанға оралған азаматтар елдің түрлі өңірлерінде карантинге біркелкі орналастырылатын болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қазір бұл мәселемен айналысуда.

СІМ өзі үш аусымда жұмыс істейді. Басшылық құрамында тұрақты топ жұмыс істейді, қалған қызметкерлер бірнеше топқа бөлініп, кестеге сәйкес кезек-кезек қашықтықта жұмыс істеуде.

СІМ өзінің шетелдік мекемелері арқылы Қазақстанға гуманитарлық көмек тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде Корея Республикасынан, Қытайдан, Жапониядан және Швейцариядан тиісті көмек алу туралы келісімге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, бұл медициналық маскалар, вирустық тестерлер, қорғаныс киімі, арнайы жабдықтар, сондай-ақ қазақстандық медиктерге консультациялық қолдау көрсету болады. Мысалы, Корея мен Жапонияның эпидемиологтары жақында (23-24 наурыз) біздің денсаулық сақтау министрлігі үшін арнайы бейне-кеңестер өткізуді жоспарлап отыр. Бірқатар елдермен (мысалы, Израиль) эпидемиологиялық кеңес беру бойынша алдын ала уағдаластық бар.