11 қаз, 2017 сағат 14:54

ҚР Президенті Сочиде ТМД Мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысуда

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сочи қаласында өтіп жатқан ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесіне қатысып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сәлемдесу және бірге фотосуретке түсу рәсімінен кейін мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда отырыс өткізеді.

Саммиттің күн тәртібіне Достастық аясында өзара тиімді серіктестікті бұдан әрі тереңдету, сонымен қатар оны қазіргі заманның талаптарына бейімдеу мәселелері енгізілген.

Мемлекет басшылары отбасы иниституты мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау туралы мәлімдеме жасайтын болады.

Саммит барысында мемлекет басшылары Арменияның Горис, Беларусьтің Брест және Қазақстанның Шымкент қалалары секілді ірі шаһарлар арқылы мемлекетаралық «Ынтымақтастықтың мәдени астанасы» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды деп күтіліп отыр. Сонымен бірге, президенттер қауіпсіздік, қорғаныс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бейбіт мақсатта ғарышты зерттеу және қолдану, мәдени-гуманитарлық серіктестік салалары бойынша қарым-қатынасты күшейту мәселелеріне назар аударып, 2018 жылы ТМД-ның төрағалығы мәселесін талқылайды.

Сондай-ақ Мемлекет басшылары ТМД-ның жоғарғы органдарының құзыреттерін жіктеуге бағытталған бірқатар шешімдерге қол қою жоспарланған. Бұл құжаттарды қабылдау арқылы Мемлекет басшыларының кеңесі сәйкесінше құзыреттерді Үкімет басшыларының кеңесіне, сыртқы істер министрлеріне, қорғаныс ведомстволары мен Экономикалық кеңеске табыстай отырып, Ынтымақтастықтың даму стратегиясының негізгі мәселелерін талқылай алады.

Айта кетерлігі, 2015 жылы ТМД елдерінің Бурабайда өткен саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ны трансоформациялау бастамасын көтерген болатын. Бұдан кейінгі Бішкекте өткен келесі кездесуде Ынтымақтас елдердің басшылары аталған интеграциялық бірлестікті қазіргі заманның талабына сәйкес бейімдеу туралы шешім қабылдаған.