21 қар, 2018 сағат 15:57

ҚР Президенті шетелдік елшілерге еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар туралы айтты

Тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 300 млрд доллардан асты. Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездеу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылы Қазақстанның Тәуелсіздігіне 27 жыл болады. Соны қарсаңында кездесіп отырмыз. Қазіргі таңда еліміз ауқымды әрі тарихи маңызды бірнеше реформаны іске асыру жолында», - деді Елбасы.

ҚР Президенті бюджеттік саладағы 1,3 млн қызметкердің жалақысы  көтерілетінін, сонымен қатар адам капиталын дамыту, құқық жүйесін жетілдіру, нақты шараларды іске асыру көзделгенін атап өтті. «7-20-25» және «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» басқа да мемлекеттік бағдарламалар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын айтты.

«Өткен жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4 пайызға жетіп, әлемдік орташа көрсеткіштен асып түсті. Биылғы жылы да осы деңгейде немесе көбірек болады  деп күтудеміз»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы Тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 300 млрд  доллардан асқанын атап өтті.

«Халқымыз бақуатты өмір сүріп, 2050 жылға қарай озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген бағытты алдымызға қойып отырмыз. Осы негізгі мұратты орындау үшін бүкіл халықты жұмылдырып келеміз», - деді Мемлекет басшысы.