15 қаң, 2018 сағат 23:49

ҚР Президенті Сауд Арабиясының Королімен телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшылары әңгіме барысында әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі ахуал жөнінде пікір алмасып, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы қазан айындағы Сауд Арабиясына ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады.

Сауд Арабиясының Королі екіжақты қарым-қатынастың дамуына ерекше мән беретінін айтып, саудиялық компанияларға Қазақстандағы мұнай және газ өңдеуге арналған жобаларды жүзеге асыруға атсалысу жөнінде тапсырма беруге ниетті екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд Қазақстан Президентін Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің табысты өтуімен құттықтады.

Сондай-ақ, екі ел басшылары өзара сапар жасау тәжірибесін жалғастыру жөнінде уағдаласты.

Телефон арқылы сөйлесуге Сауд Арабиясы жағы бастамашы болды.