23 нау, 2019 сағат 08:48

ҚР Президенті Элизабет Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлем чемпионатында «күміс» еншілеген мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды! Тарихта тұңғыш рет төрт айналым әдісін орындады! Жарайсың! Құттықтаймын!», - деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Айта кетейік, спортшыны ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да құттықтады.

«Әлем чемпионатында Элизабет әлемде тұңғыш рет төрт айналымға секіру элементін орындады. Осы жеңіспен Элизабетті, оның ата-анасын, бапкері Этери Тутберидзені шын жүректен құттықтаймын! Барша қазақстандықтарды біздің мәнерлеп сырғанаушымыздың сенсациялық жеңісімен құттықтаймын! Марапаттау рәсімін қарап отырмыз. Қуаныштымыз!», - деп жазды ол Facebook парақшасында. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль жеңіп алды.

Ол еркін бағдарламаны тамаша орындап, қорытындыда 224,76 балл жинады. Спортшылардың ең соңынан шыққан Э.Тұрсынбаева ересектер арасындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет төрт айналымдық сальхов элементін орындады. Мұны шын мәнінде тарихи нәтиже деуге болады.

Чемпионат қорытындысында Ресейлік Алина Загитова 237,50 балмен әлем чемпионы атанды. Оның отандасы Евгения Медведева 223,80 балмен үшінші орынға көтерілді. Осылайша, 19 жастағы Элизабет Тұрсынбаева алғаш рет қыздар арасында Қазақстаннан шыққан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Жарыс соңында өткен баспасөз мәслихатында спортшы қыз бұл медаль күтпеген жүлде болғанын атап өтті.

«Қазіргі қуанышымда шек жоқ. Күміс медаль мен үшін күтпеген жүлде болды. Осы сәтке дейін бұл элементті (төрттік сальхов - авт.) таза орындағаныма сене алар емеспін. Таңертеңгі жаттығу сәтімен өтті. Соңғы екі жарыста сальховты орындау барысында қате жібергенімді білесіздер. Міне, бүгін таза орындап шықтым. Мұз айдынына бет алған кезде өзімді керемет сезінгенмін. Сол сезім соңына дейін жоғалған жоқ, - деп келтірді Тұрсынбаеваның сөзін ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті.