05 шіл, 2018 сағат 11:27

ҚР Президенті: АХҚО - Тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы

Жаңадан ашылған "Астана" Халықаралық қаржы орталығы - Тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы. Елордада өткен қаржы орталығының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Астана" Халықаралық қаржы орталығы - Тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы. Оның ашылуы маңызды қадам, біздің экономиканың бекем түрде дамуының жалғасы болып табылады. Жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде АХҚО-ны құру туралы идеяны ең алғаш рет 2015 жылы айтқан едім", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент атап өткендей, АХҚО қатысушыларына салық бойынша 50 жылға дейін, сондай-ақ визалық және еңбек бойынша жеңілдіктер қарастырылған.

"Бұл, жұмысы ағылшын құқығына негізделген аймақтағы бірден-бір қаржы орталығы. Тәуелсіз сот, халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. АХҚО судьялары ретінде менің шешіміммен Англия мен Уэельстен келген 9 абыройлы судья тағайындалды. Оларды лорд Вульф мырза - Англияның бұрынғы Жоғарғы судьясы басқарады. Арбитражды орталыққа сонымен бірге тағы 23 халықаралық арбитраж енді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы тілге тиек еткендей, АХҚО-ны тиімді басқарудың қағидаттары мен прагматизмі сақталып, барлық инвесторлардың мүдделері қорғалатын болады.

"Қор нарығын дамытатын қатысушылардың ыңғайы үшін АХҚО биржасы - жоғары технологиялық инфрақұрылым құрылды. Бүгін сіздермен осы биржаның жұмысын бастаймыз. Оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы және Шанхай қор биржасы қатысады", - деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетсек, елордадағы Конгресс холл орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімі өтті.