06 жел, 2017 сағат 08:16

Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдерін марапаттады

Бүгін жаңа индустрияландыру күні аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорны» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Атырау облысының «РауанНалко» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілері арасында Маңғыстау облысының «Каскор-Машзавод» АҚ, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Солтүстік Қазақстан облысының «AVAGRO» ЖШС лауреат атанды. 

«Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Алматының «Алматы өнімдері» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілері арасында Алматы облысының «Жаркент крахмал зауыты» ЖШС, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Оңтүстік Қазақстан облысының «Planta» ЖШС жеңімпаз деп танылды. 

Ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілері ішінен Астананың «Медикер - өндірістік медицина» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілері арасында Қарағанды облысының «Дефектоскопия» ЖКС, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Астананың «Скулбас» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді.