02 мам, 2019 сағат 15:48

ҚР ОСК Жұматай Әлиевті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартты

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркеуден бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүлейменнің айтуынша, ағымдағы жылғы 28 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің Жұматай Әлиевті  Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынғаны туралы құжаттары тапсырылған.

«2019 жылғы 2 мамырда Орталық сайлау комиссиясында Жұматай Әлиевтің  мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы өтті. Лингвистикалық емтихан барлық белгіленген кезеңдер бойынша толыққанды өткізілді. Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігі жөнінде шешім қабылдады және 2 мамыр күнгі лингвистикалық комиссияның №9 хаттамасы шығарылды», - деді ОСК мүшесі.

Оның атап өтуінше, Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы емтихан нәтижесін ескере отырып, Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заңда президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес еместігі туралы хаттама жобасы дайындалған. Хаттама жобасында президенттіке кандидат Жұматай Әлиевтің Конституцияның 41-бабы 2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы  сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабының мемлекеттік  тілді еркін меңгеру бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес емес екендігі  көзделген.

Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының қаулысы әзірленіп, дауыс беруге шығарылып отыр. Жобаның 1-тармағы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жұматай Әлиевтің Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес емес екенін көздейді. Қаулы жобасының 2-тармағы Жұматай Әлиевті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартуды көздейді», - деді Л.Сүлеймен.

Осыдан кейін ҚР Орталық сайлау комссиясының мүшелері қаулы жобасын бірауыздан қолдап қол қойды.