10 мау, 2019 сағат 23:53

ҚР ОСК Президент сайлауының түпкілікті қорытындысын шығарды

ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президент сайлауының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Екінші орынға "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов, ал үшінші орынға "Ақ жол" демократиялық партиясының кандидаты, жалғыз әйел үміткер Дания Еспаева жайғасты.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, Жамбыл Ахметбеков 167 649 дауыс немесе сайлаушылардың жалпы дауысының 1,82 процентін, Дания Еспаева 465 714 дауыс немесе барлық сайлаушы дауысының 5,05 процентін, Әміржан Қосанов 1 495 401 дауыс, яғни барлық сайлаушы дауысының 16,23 процентін, Төлеутай Рахымбеков 280 451  дауыс немесе жалпы сайлаушы дауысының 3,04 процентін алды.

"Сондай-ақ Амангелді Таспиховқа 182 898 дауыс берілді, бұл дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 1,98 проценті, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 539 715 дауыс немесе сайлаушылардың 70,96 проценті дауысын берді. Сәді-Бек Түгел 84 542 дауыс немесе сайлаушылардың жалпы санының 0,92 процентінің дауысын алды», - деді ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ең көп дауысты Алматы облысының, ал ең аз дауысты Маңғыстау облысының тұрғындары берген.


Ұлықтау рәсімі қашан өтеді?

Ләззат Сүлеймен хабарлағандай, Қазақстан президентін ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтеді, деп жазады Sputnik агенттігі.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Республика Президенті болып дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан артық дауыс алған кандидат танылатынын атап өтті. Осы нормаға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының сайланған президенті ретінде танып, тіркеу туралы қаулы қабылдады.

"Қазақстан Республикасының Президенті туралы конституциялық заңға сәйкес Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайланған президентке Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырады. Конституцияның осы нормасын басшылыққа ала отырып, 9 маусым күні сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсыру ұсынылады. Сонымен қатар, заңға сәйкес Президент кезектен тыс сайлауда сайланса, ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Осыған сүйене отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру күні 2019 жылғы 12 маусым болып айқындалсын", - деді Сүлеймен.

Бұдан бұрын шетелдік және отандық БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлықтау рәсімі сәрсенбіде өтетінін мәлімдеген еді.

Заң бойынша жаңадан сайланған Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі дауыс беру қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізілуі тиіс.

Дауыс беруге қанша қазақстандық қатысты?

Ләззат Сүлейменнің айтуынша, сайлау бюллетендерін алған сайлаушылардың саны – 9 274 466 немесе сайлаушылардың жалпы санының 77,5 проценті.

"Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны – 9 274 034. Оның ішінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны 22 427 немесе барлық сайлаушының 0,19 проценті", - деді ол.

Сондай-ақ, ОСК ақпаратынша, жарамсыз деп танылған сайлау бюллетеньдерінің саны 71 624 немесе барлық бюллетеннің 0,59 проценті. Жойылған бюллетеньдердің саны – 793 010.

Дауыс беруге келген сайлаушылар саны жағынан Алматы облысы – 89%, Ақтөбе облысы – 84,9%, Шығыс Қазақстан облысы – 84,9% көш бастады.

Айта кетсек, 2015 жылы өткен президент сайлауында сағат 22:00-дегі мәлімет бойынша қазақстандықтардың 95,11%-і дауыс берген еді.