25 сәу, 2019 сағат 15:28

ҚР ОСК: Қасым-Жомарт Тоқаев талаптарға сай

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулыны қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"2019 жылғы 23 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынуына байланысты оның тиісті құжаттарын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына ұсынды. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме; Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат; Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжаттың, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері, мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер қоса берілген, оның Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы өтініші түсті", - деді ҚР ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина.


Оның атап өтуінше, сол күні ҚР Орталық сайлау комиссиясында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болып өтті. Лингвистикалық емтихан барлық белгіленген кезеңдер бойынша өткізілді. Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруде жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салды және тиісті мәліметтер алды.

Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде тумысынан Республика азаматы болып табылатындығын, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысының негізінде соңғы он бес жыл ішінде Қазақстанда тұратынын анықтады. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысына сай Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратындығы бөлігінде Конституцияның 41-бабының 2-тармағына сәйкес жоғары білімі бар екенін, Бас прокуратураның  Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi  комитетiнің мәліметтері негізінде сот заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы жоқтығын, сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартпағанын, белсенді сайлау құқығына ие екендігін, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтері негізінде мемлекеттік қызметте, сондай-ақ сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл  жұмыс тәжірибесі бар екендігін анықтады.


Сонымен қатар ол облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беру тапсырылғанын айтты.

"Қол жинауды Президенттікке кандидаттың сенім білдірген адамдары жүзеге асырады және ол қол қою парақтарымен ресімделетінін атап өту қажет", - деді ол.