22 там, 2019 сағат 19:00

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының жаңа орынбасарлары сайланды

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің отырысы өтті. Онда федерация төрағасының бірінші орынбасары мен орынбасары лауазымдарына жаңа үміткерлердің кандидатурасы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Федерация баспасөз қызметінің мәліметінше, төрағаның бірінші орынбасары болып Нұрмұхамбет Әбдібеков бірауыздан сайланды.

Нұрмұхамбет Қанапиұлы – мамандығы бойынша тау-кен инженері, өндірістегі кәсіподақтардың жұмысымен етене таныс. Әр жылдары Ақтөбе, Атырау кәсіпорындарында және мемлекеттік органдарда қызмет атқарған, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Ақтөбе қаласының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қарағанды облысының әкімі, Есеп комитетінің төрағасы, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы болған.

Ал төрағаның орынбасары болып Ержан Егембердиев сайланды. ҚР КФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық әріптестік департаментінің директоры лауазымын атқарған.

Ержан Ошақбайұлы – заң ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясында, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және ҚР Әділет министрлігінде қызмет атқарған.