20 қар, 2018 сағат 12:57

ҚР Қарулы Күштерінің жас сарбаздары ант қабылдады

Өңірлік қолбасшылықтардың бірқатар әскери бөлімшесінде армия сапына жаңадан қосылған сарбаздардың ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан мерзімді қызметке алынған 1 мың әскери қызметші туыс-туғандарының, командирлері мен қызметтестерінің, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс және ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері алдында ант қабылдады.

Ант беру рәсімінен кейін әскерлердің ата-аналары казармаларды, асханаларды аралап, спорт қалашықтары мен клубтарға барды.


«Ұлымның командирлері жақсы екен, казармалар жылы, асхана мұнтаздай. Ұлымызды мақтан етеміз. Қызметтестерімен бірге ол нағыз Отан қорғаушы болу үшін әскери істің қыр-сырын меңгереді», - дейді әскери қызметші Расұл Руслановтың анасы Назгүл Бекбосынова.