25 қыр, 2019 сағат 07:15

ҚР ІІМ есірткімен күресте тұрғындардың көмегіне жүгінбек

ҚР ІІМ есірткімен күресте тұрғындардың көмегіне жүгінбек. Осы мақсатта WhatsApp мессенджерінде қауырт желі ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Енді әрбір тұрғын ең ауыр әлеуметтік проблемалардың бірі - есірткі қылмысының алдын алуға және оған қарсы күреске өз үлесін қоса алады. WhatsApp мессенджерінің көмегімен азаматтар есірткіге қатысты құқықбұзушылық, есірткінің таралуы, есірткі құралдары туралы граффити жазу және бетбелгілерді орналастыру фактілері туралы фото және бейнежазба түрінде мәліметтерді 8 777 785 66 51 нөміріне жіберуіне болады. Бұл нөмірге түскен ақпараттардың барлығы Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің кезекші бөліміне түседі, сол бойынша жедел шаралар қабылданады», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, граффити жазулар (геолокация) салынған жердің фотосуретін, белгілі бір мақсатсыз аулада, үйлердің кіреберістерінде жүрген күдікті адамның бейнелерін, жеңіл ақша табу және тағы сол сияқты күмәнді ұсыныстар жазылған хат алмасулардың скриншоттарын жіберуге болады. Мәлімет беруші анонимді болатындығына кепілдік беріледі.

Шағымданушы өзіне қатысты мәліметтерді, байланыс телефондарын және нақты мекенжайын көрсете отырып, мүмкіндігінше фото/бейнежазбаны қоса жіберуі керек.

«Бұл WhatsApp нөмір Youtube видеохостингінде нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу саласында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, денсаулыққа құндылық қарым-қатынасты қалыптастыру және нашақорлық проблемасына назар аудару мақсатында құрылған «Есірткіге ­­– жоқ!» арнасында көрсетілген», делінген хабарламада.