15 мау, 2019 сағат 09:42

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы тағайындалды

Қанат Байытов ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Қанат Байытов Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Қанат Құрмашұлы 1968 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын тәмамдаған.

1992-1994 жылдары «ҚазАлтын» ТКБК Бестөбе кенішіндегі №2 шахтаның жер асты тау-кен мастері болып жұмыс істеген. 1994-1995 жылдары - «ҚазАлтын» ТКБК Бестөбе кенішіндегі «Западная» шахтасының бас инженері. 1995-1999 жылдары - «ҚазақАлтын» АҚ Ақсу кенішінің «Капитальная» шахтасының бас инженері.

1999-2002 жылдары - «Қамқор» ААҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры. 2003-2008 жылдары Центр кредит банкінің құрылымында жұмыс істеді. 2008-2009 жылдары - «Өндіріс компания» ЖШС экономика және қаржы директорының орынбасары.

2009 жылдан бастап Индустрия министрлігінде жұмыс істейді. 2009-2010 жылдары - металлургия және химия өнеркәсібі басқармасының басшысы, 2010-2011 жылдары -тау-кен өнеркәсібі басқармасын басқарды, 2011-2014 жылдары - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің тау-кен металлургия өнеркәсібі басқармасының басшысы.

2014-2019 жылдары - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары. 2019 жылдың ақпан айынан бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.