03 қаз, 2018 сағат 15:30

ҚР ДСМ дәрігердің науқасты тепкілеу оқиғасына қатысты өз ұстанымын білдірді

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой теміржол ауруxанасында болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді, құзіретті органдар өз бағасын бере жатар. Дегенмен, дәрігердің этикасы бойынша адамға күш көрсетуге тыйым салынған. Әрине, бір себептер болды. Оны құқық қорғаушылар анықтайды. Сотта да екі жақ өз ұстанымын айтатын шығар», - деді А.Цой журналистерге берген сұxбатында.

Оның айтуынша, төбелес кезінде кім қандай көңіл-күйде болды, өз әрекетіне жауап берді ме, жоқ па, осының бәрін жан-жақты қарастыру қажет.

«Ашығын айту керек, кей кезде пациенттер қатты ауырып келеді де, ұрсып сөйлейді. Мас күйінде келетіндер де болады. Содан неше түрлі жағдайлар туындайды. Енді, бұл жолғы жағдай солай аяқталды. Тексеріс басталды. Жақын арада нақты себептерін анықтап жариялаймыз», - деп атап көрсетті А.Цой.

Айта кетейік, Астанадағы орталық теміржол ауруханасы медициналық қызметкердің науқасты сабау оқиғасын растады.

Бас дәрігер Сергей Демочкиннің айтуынша, науқас адамды 26 жастағы кезекші терапевт тепкілеген.

«Соққыға жығылған науқас ауруханаға 2 қазанға қараған түні бас жарақатымен мас күйінде жеткізілген. Науқас өзін дөрекі ұстап, медициналық қызметкерлерді балағаттаған. Оны кезекші нейрохирург тексерген және жарасын таңып, үйіне жіберген. Бірақ, ауруханаға қайтып келіп, жоғалған телефонын тауып беруді талап еткен. Сол сәтте науқас аурухананың кезекші терапевтіне тиісіп, жақын туыстарын балағаттаған және бокстан спорт шебері екенін айтып, жекпе-жекке шақырған. Бір рет ұрғанда дәрігер еш жауап қайтармаған, ал екінші рет ұрғанда науқасты кеудесінен итерген. Жерге құлаған науқасты ашумен тепкен», - деді С. Демочкин.

Осыған дейін науқасты соққыға жыққан дәрігердің жұмыстан босатылғандығы хабарланды. Сондай-ақ оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.