13 қаз, 2018 сағат 08:49

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің 100 күні

Жуырда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің тағайындалғанына 100 күн толмақ. Десе де, бұл уақыт қызмет өтілінде адамның жұмысқа деген қарым-қабілетін көрсетуге мүмкіндік беретін едәуір мерзім.

Олжас Амангелдіұлының IT cаласына келуіне марқұм әкесі мен анасының ауыр дерттері себеп болған. Адамзатқа пайдасы тиер осы саланың қызығы мен шыжығын, қызметке тағайындалған сәттегі әсерін жасыра алмады. «Естігенде сенбедім, мен ешқашан үлкен қызметке жетуге талпынған адам емеспін» - деп ағынан жарылды вице-министр.

Ол қазақ медицинасын дамыту үшін адамдардың менталитетін өзгерту керек деп санайды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанатын адамдардың бірі. «Адам өз денсаулығын күту керек. Көлікті немесе үйімізді күтетініміз секілді денсаулықты да күту қажет. Бұл тұрғыда дәрігерлердің көмегі тек 10 пайызды ғана құрайды. 50 пайызды адам өзінің немқұрайлылығынан табады. Яғни, күтінбейді, тексерістен өтпейді. Ал, Оңтүстік Кореяда тұрғындар жылына 4 рет тексерістен өтеді екен. Ал, біз ше? Біз жұмысқа құжат толтыру қажет болғанда ғана тексерістен өтеміз!», - деп қоғамдағы бір кемшіл тұсымызды сөз етті.

Сонымен қатар, ең қатерлі дерттердің бірі саналатын онкологиялық ауруларды емдеудегі тың өзгерістер мен IBM Watson жобасының тиімділігін айтып, цифрландыруға қатысты жоспарларын бөлісті.

- ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіңізге кіріскендігіңізге жақында 100 күн толады. Вице-министр болып тағайындалдыңыз деген сөзді естіген кезде алған әсеріңіз қандай болды? Қызметке кіріскеннен кейін бірінші осы жасаймын, екінші мынаны орындаймын деп нені жоспарладыңыз?

- Естігенде сенбедім (күлді). Мен ешқашан бұл қызметке жетуге талпынған жоқпын. Сұрағаным да жоқ. Мен тек өз жұмысымды жасап жүре бердім, бары осы ғана. Министрлікке 2015 жылдың желтоқсанынан бері шақырды. Содан бері осында қызмет атқарып келемін. Бірақ, ешқашан Денсаулық сақтау вице-министрі болу ойымда болмаған. Жоспар бойынша атқаруға тиіс жобаларымыз бар. Соның бәрін жыл сайын атқарып келеміз. Естіген кезде осы жобаларды біртіндеп орындай беремін деп ойладым.

- Енді осы уақыт аралығында өзінің қызығы мен шыжығы арқылы есте қалдырған оқиғалар болды ма?

- Қазір көптеген іс әрекеттер жүргізіліп жатыр. Ең ерекшесі – шілде айында болған еді. Ол кезде Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында» IBM Watson жобасы іске қосылды. Бұл жобаның басты жетістігі – бұрын онкологиялық дертпен ауыратын пациентке диагноз қою үшін дәрігер 1-2 апта уақытын жоғалтатын, ал қазір небәрі 1 минуттың ішінде диагноз қоя алатын деңгейге жетті. Тағы бір ерекшелігіне келер болсақ, емделушінің медициналық тарихы зерттеліп, пациентке хирургиялық ем көрсетсе сәттілігі 91 пайыз болады, ал химиотерапиямен емдейтін болса сәттілігі 83 пайызды көрсетеді деп анықтай алуында болып отыр. Аталмыш жүйені жасау үшін әлем елдерінің білікті ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізді.

- Демек ем көрсетудегі тиімді және тиімсіз тұстарды алдын ала болжап айтып береді екен ғой?

- Иә, бүкіл мәліметтердің бәрін болжап айтады. Бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес, 250-ге жуық адам зерттелді, дәрігерлермен кездесу де ұйымдастырылды. Ақ халаттылар бұл бастаманың тиімділігін алға тартып отыр. Себебі, онкологиялық аурулар тез асқынады. Ал, аталған жүйеге мәліметтердің бәрін енгізсек, бұл өз кезегінде дәрігердің жұмысын жеңілдететін қосымша құрал болмақ. Нәтижесінде аурудың ұлғаймауына септігін тигізетін болады. Қазіргі таңда тұрғындар онкология институттары үшін Корея мен АҚШ-қа барып жатыр. Ендігі кезекте онда барудың қажеті болмайды.

Одан кейінгі маңызды пилоттық жобаларымыздың бірі - интернетке спутник арқылы қосу. Бұл бойынша алғашқы болып Түркістан облысындағы ауыл аймақтар қосылды. Ал, алдағы күндерде Павлодар, Алматы облыстарына қосуды жоспарлап отырмыз. 

- Ақтау және Қарағанды қалаларындағы облыстық емханаларында болдым. Мәселен, Қарағандыда кардиологиялық ауруларды емдеу деңгейі жылдан жылға жақсарып жатыр. Ондағы диогностикалық қызмет жоғары деңгейде. Ал, Ақтауға барған кезде №2 емханада небәрі үш айдың ішінде 90 мыңнан астам адам электронды паспортқа көшкен екен. Енді мен басқа өңірлерде болған жоқпын. Сіз өзіңіз аралап жатсыз, жақсы бір жүзеге асып жатқан, әрі өзінің белсенділігін көрсетіп жатқан облыстарды атап өтесіз бе?

- Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары белсенділік танытып, көптеген жобаларды енгізуде. Қарағанды облысындағы алыс аудандардан азаматты облыс орталығына жібермей-ақ, кардиограммасын цифрлық тұрғыда қашықтықтан қабылдай алады. Егер азаматты емханаға дейін, емхананың ішінде, емханадан кейін деп 3 деңгейге бөлетін болсақ, біз бүкіл қызметіміздің барлығын емхананың ішінде жасайды екенбіз. Неліктен ауырды, осы жағдайға не ықпал етті деген сынды сұрақтарды іздемейміз. Мүмкін жүрегінің тынысы соңғы бір аптаның ішінде төмендеп кеткен шығар. Мысал ретінде айтсам, менің анам қант диабетімен ауырады. Инсулинді комамен емханаға түсті. Қант мөлшері 2 айдың ішінде жоғарылап кеткен. Мұны ешкім білмеген. Егер біз соны цифрлық технологиялар арқылы қашықтықтан бақылап, 1 немесе 1 жарым ай бұрын білсек ауруды асқындырмас едік. Міне осындай қашықтықтан бақылау жүйесі қазір Қарағанды облысында белсенді жүргізіліп жатыр. Ал, Павлодар облысында кардиохирургиялық орталық бар. Қазір аймақта пилоттық жоба ретінде браслет тағу жұмыстары жүргізілуде (15 азаматқа тағылған). Мұның басты ерекшелігі – жүрек соғысы төмендеп немесе жоғарылап кететін болса, дәрігерге автоматты түрде хабар береді. Сондай-ақ, азаматты 24 сағат бойы қадағалап, түрлі ауытқуларын біле алады. Осы браслеттердің арнайы батырмасы бар. Оны басса медбике дереу келіп, жағдайын тексереді. Бұл әсіресе қатты ауырып, орнынан тұруға мүмкіндігі болмай жатқан науқастар үшін аса қажет. Сәйкесінше, емделушілердің қолдарында браслет болса көңілдері тынышталып, жүрегінің жағдайы жақсармақ. Ал, Батыс Қазақстан облысында электронды денсаулық төлқұжатының деңгейі 93 пайызға жетті. Бұл жүйенің ерекшелігі – бұрын пациенттен түрлі қабылдаған емдерін сұрау үшін 45 минут кететін, ал қазір 2 минуттың ішінде біле алады. Ол үшін небәрі төлқұжатын көрсетеді, артынша дәрігер оның медициналық тарихын көре алады (жасалған оталар, қабылдаған емдер және т.б.).

- Аталған цифрлық технологиялар тұрғындарға қандай пайдасын тигізбек?

- Бұл өз кезегінде 2 көрсеткішті көрсететін болады. Біріншісі, уақтылы медициналық көмек көрсетілсе азаматты ауыр қауіп-қатерден сақтап қалады. Ол кезде оның өміріне қауіп төнбейді. Ең бастысы – оны емдеу процесі әлдеқайда тиімді болмақ. Жалпы мысал, менің жолдасым қант диабетімен ауырады. Оған тәтті жеуге болмайды. Бірақ ол бұл ережені сақтамағандығының салдарынан қант деңгейі артып, емханаға түскен. Онда ол дәрігерге диабет еместігін жеткізіпті (шындықты айтса дәрігер ұрсады деп ойлаған). Бұл жағдайлардың бәрі адамның денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Ал, егер оған дәрігер басқа ем жүргізіп, артынша жағдайы нашарлап кетсе кім жауапты болмақ? Әрине, дәрігер жауапты болады. Осындай жағдайларды болдырмауда электрондық төлқұжаттың алар орны айрықша. Елімізде 4 миллионға жуық хроникалық аурулар бар (күретамырлық қысымы бар егде адамдар, мүгедектер). Қазіргі таңда медбикелер олардың үй-үйін аралап, жағдайын білуге асығады. Қарап отырсаңыз мұның бәріне біраз уақыт кетеді. Ал, егер біз Павлодардың нәтижесі бойынша браслеттерді тағатын болсақ, автоматты түрде азаматтың жағдайының жақсарғанын немесе нашарлағанын базадан біліп отырамыз. Мәселен, күретамырлық қысым көп уақыт бойына жоғары болып тұратын болса, ол дәрігерге белгі береді. Ал, мұны дер кезінде білмей қалсақ, майда тамырлардың жарылу қаупі бар. Тіпті, науқасқа алдағы уақытта не болатынын болжау өте қиын. Ал осындай жүйе дәрігерге нақты әрі дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

- Өте жақсы! Одан кейінгі сұраққа көшсек, өзіңіз осы ақпараттық технология саласында білім алдыңыз. Оңтүстік Кореяға да барып, біліктілігіңізді арттырдыңыз. Ондағы мықты профессорлардың ассистенті де болдыңыз. Тәжірибеге байсыз. Жалпы денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша қазақ медицинасын қалай елестетесіз? Нені армандайсыз?

- Менің арманым – азаматтардың денсаулығын сақтау, жақсарту және көмектесу. Цифрландыру дейміз, электрондық жүйе дейміз мұның бәрі – құрал. Мен 6 жыл Кореяда тұрдым, олардың тәжірибесіне қарайтын болсақ, ең негізгі ерекшелігі – ол азаматтың өз денсаулығына қарауы. Себебі Кореяда адамдар медициналық тексерістен жылына 4 рет өтеді. Бұл дегеніміз – азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы. Мысалға, сіз егер соңғы рет тексерістен қашан өткендігіңізді еске түсіретін болсаңыз, ол тек жұмысқа тұрған кезде шығар. Біздің азаматтар медициналық мекемелерге бармайды. Себебі, менталитет, тарихи мәселелер әсер еткен болуы керек. 90 жылдары өтпелі кезеңнен өттік, көптеген адамдар дәрігерлерге сенбейді, қорқады. Ендігі мақсат – адамдарға өз денсаулықтарына жауаптысыңдар деп саналарына сіңдіру. Денсаулық деген мүлік секілді. Мәселен, үйді немесе көлікті сақтандырасыздар, оны күтіп, тазалайсыздар. Сол секілді денсаулықты күту қажет. Бірақ денсаулықтарына олай ешкім қарамайды. Түнде ұйықтар алдында көп тамақ ішеді. Шылым шегіп, ішімдік ішеді. Осының бәрі айналып келгенде денсаулығына кері әсер етеді.

- Иә, келісемін! Денсаулықтың маңыздылығын азаматтарға қалай түсіндіре аламыз? Цифрлық технологиялардың көмегімен қалай жеткізуге болады?

- Цифрлық технология көмегімен біз қазір бірнеше бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз. Сергек камераларымен бірге бір жобаны бастадық. Оның негізгі мақсаты – адамның терісінің түсіне, адамның көзіндегі майда тамырлары мен бет келбетіне қарай отырып,  олардың ұялы телефонына хабарламалар жіберу. Мәселен, адамның көз тамырлары қызаратын болса оған емханаға барып, қаралуын өтінеміз. Сондай-ақ, келесі жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп, жұмыстар атқармақ. Осыған сәйкес, бірінші қадам – кез келген жұмыс беруші жылына бір рет қызметкерлерін медициналық тексерістен өтуге міндетті түрде жіберетін болады (ережеге сәйкес). Ал, екінші қадам – Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығымен жасалған келісім. Бұл бойынша салауатты өмір салтына байланысты адамдарға көптеген мәліметтер жіберіп отырамыз. Мәселен, мен таңертең және кешкісін велосипедпен 5 км жүремін. Өйткені, менің ойымша 5-6 жылдан кейін денсаулығым нашарлай бастайды. Қазір соның алдын алудамын. Біз де көптеген азаматтар өз денсаулықтарына қарамай, емханаға келіп «мені емдеңдер» деп талап етеді. Осы тұрғыда менталитетті өзгерту керек. Себебі цифрландыру – бұл технология емес, керісінше денсаулық сақтаудағы мәдениеттің өзгеруі.

- Иә, бұл мәселеге менталитет те әсер ететін шығар. Десе де, Батыс мемлекеттерін, Еуропа мемлекеттерін қарап отырсақ адами капиталға үлкен мән береді екен. Дәрігерлерін барып оқытады екен, оларға қомақты қаржы бөледі. Сіз дәрігерлердің де сапасын арттыру керек деп ойламайсыз ба?

- Әрине, сапасын арттыру қажет. Бұл бойынша біз де Болашақ бағдарламасы және Білім беру министрлігімен жобалар бар. 2300 дәрігерді шетелге апарып оқыттық. Бұған қоса, Алматыда онкологияны зерттейтін институт та жұмыс жасап жатыр. Біздегі ең негізгі мәселе – ауылдық елді мекендер. Неге десеңіз, жоғары білікті дәрігер ауылға барғысы келмейді. Біз 2015 жылы ережені бекіттік. Ол бойынша 2019 жылы мамандар оқып келгеннен кейін 3 жыл уақытын ауылға барып, жұмыс істеуге арнайтын болады.

- Осы мәселе бойынша ынталандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? Мәселен, жалақыңды жоғарылатамыз немесе дәрігерлік қызмет жолыңызда өсім болады деген сынды мотивациялар бар ма?

- Егер біз облыс аумағына дәрігерлерді жіберетін болсақ, аймақ басшылары оларға тегін тұрғын үй береді. Сондай-ақ, білімінің деңгейіне байланысты еңбекақысы да көбірек болады. Бұл бағытта біз қазір бүкіл 16 регионмен бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Оған арналған бекітілген жоспар бар.

- Сіздің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаңызды қарап отырсақ, кәдімгідей белсенділік танытасыз. Денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтарға байланысты жаңалықтармен бөлісесіз. Әлеуметтік желілерде  жеке хат ретінде, мәселесі мен шағымдарын жазатын азаматтар бола ма? Халықпен кері байланыс қалай жалпы?

- Көбісінің жазатыны – «менің балам ауырып қалды, көмектесіңізші, менің інім ауырып қалды. Оны емханаға жатқызуға жәрдемдесесіз бе?» деген сынды өтініштер айтылады. Аптасына 4-5 өтініш келіп түседі. Мұның бәрін осы мәселемен айналысатын бөлімдерге айтамын.

- Жалпы біз цифрландыруға аяқ басып жатырмыз. Мемлекет басшысы да мұның маңыздылығын үнемі айтады. Көптеген дамыған елдерді қарап отырсақ, мәселен Сингапур қала-мемлекеті. Онда ешқандай табиғи ресурстары болмаса да, IT cаласына көңіл бөлді де, дамыған елдердің қатарынан көрінді. Жалпы, еліміздің цифрландыруға бет бұрудағы негізгі мақсаты неде деп ойлайсыз?

- Ең негізгі маңыздылығы – ішкі ресурстарды қайта қарастыруында. Бұл дегеніміз – бөлінген қаржы-қаражаттар мен дәрі-дәрмектердің орнымен жұмсалуын бақылау. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көптеген ресурстарды бөліп жатырмыз. Алайда, олардың қайда жұмсалғандығы туралы статистикалар кейде расталмай қалады. Осыған байланысты аймақтардың сұраныстарын біле отырып, 2018 жылы бірнеше миллиардқа тегін дәрі-дәрмек тараттық. Осы жүйелерді цифрлық технологиялардың көмегімен автоматты түрде анықтаудың нәтижесінде 5 миллиард теңгеге дейін үнем жасалды. Мәселен, Павлодарда 5 айдың (ағымдағы жылдың сәуірінен бастап) ішінде қағазды электронды форматқа алмастырудың арқасында 240 миллион теңге үнемделді. Ал, егер біз Республика ауқымында қарайтын болсақ, ол триллиондаған ақшалар. Сол қаражатты емханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, дәрігерлердің жалақылары мен оқуларына бөлу мақсатында аймақ деңгейінде қалдырамыз.

- Ойлап отырсақ көп адам  IT cаласына келе бермейді. Сізді осы салаға қызықтырған қандай оқиға болды? Әлде балалық арманыңыз ба? Қалай келдіңіз?

- Ең негізгі мотиватор – менің әкем. Ол 2006 жылы өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болды. Себебі, оған диагноз дұрыс қойылмаған, жөнді емдемеген. Көптеген факторлар бар ғой... Бірақ, ол кісі аузынан қан шыққанша емханаға бармаған. Одан кейін дәрігер әкеме ісіктің 4 деңгейіндесіз деп мәлімдепті. Артынша оған ота жасалды. Өкінішке орай, әкем дүние салды. Өйткені бәрі кеш еді. Содан кейінгі әсер еткен екінші жағдай – менің анам. 1979 жылдан бері сал ауруымен ауырады. 1991 жылы 2-ші рет инсульт алған. Қазір ол үйде. Егер дәрігер келмесе оның хәлін ешкім біле алмайды. Ол ауырып жатыр ма, жағдайы жақсы ма, әлде жаман ба ешкім білмейді. Егер де осындай дерті бар адамдар алдын ала тексерістен өтіп тұрса, ол кісілердің өміріне араша түсе алар едік. Осы тұрғыда мобильді қосымшалар мен түрлі гаджеттердің көмегі көп. Мәселен, мен телефоныма бағдарлама орнатып қойдым. Ол бойынша менің қолымдағы браслет әр сағат сайын маған не істеу керектігін айтып отырады. Егер де мен қозғалмасам, ол маған «жүріп қайтыңыз» деп нұсқау береді. Түнгі 10 жарымнан кейін ол әуе режиміне қосылып, маған демалу керектігін ескертеді. Егер де адамда ынта мен қызығушылық болмаса мұның барлығын істемейді. Бірақ, біздің мақсатымыз – жайлы жағдай жасап, осындай құрылғылардың жұмыс істеуіне ықпал ету. Бұл салаға өз тарихымда, жанұямда көріп келе жатқан жағдайларға ұқсас жайттарды кішкене жақсартсам екен деген оймен келген едім. Еліміздің әр азаматы өз денсаулығының қадірін білсе екен деймін.

- Сіздер Astana Hub-та жиі басқосулар өткізесіздер. Онда IT-мамандар мен стартап өкілдері келіп, өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр. Оларды қолдап жатсыздар. Тамыз айында өткен басқосудың бірінде көп ұсыныстар осы денсаулық сақтау саласына қатысты қойылды. Отандық бизнес бастаушыларды қаншалықты қолдайсыздар? Немесе олардың қандай бағдарламаларды жасағандары дұрыс?

Иә, тамыз айындағы Astana Hub-тағы кездесуден кейін бізге 8 компания келді. Оның ішіндегі 3 жобаны біз қолдадық. Олар қазір пилоттық жоба ретінде жасалып жатыр. Оның бірінші прототипі мәліметтерді талдау. Біз бүгінде 14 терабайт мәліметтер жинадық. Сондай-ақ, ел тұрғындарының жағдайын білу үшін сауалнамалар жүргізудеміз. Нәтижесінде, біз тұрғындардың басым көпшілігінің немен ауыратынын біліп, олардың қажеттіліктеріне сай мобильді қосымшалар жасайтын боламыз. Мен 100 пайыз өзіміздің мамандарды қолдауға тырысамын.

- Сіздің бос уақытыңызда құлшынып істейтін, ерекше жақсы көретін сүйікті ісіңіз қандай?

- Жанұяммен уақыт өткізем (күлді). Себебі, өсіп келе жатқан ұлым бар. Сонымен көбірек уақыт өткізуге тырысамын. Бос уақытымның бәрін ұлыммен кітап оқуға, бірге серуендеуге арнаймын. Себебі, қазір бұл уақытты жоғалтып алсам, келешекте қайтара алмаймын.   

- Әлемдік тәжірибені қарап отырсақ, Жапония мемлекетіндегі азаматтар үрім-бұтағымен бір іспен ғана айналысады екен. Әкесі техник болса, баласы да, немересі де сол іспен айналысатын көрінеді. Негізі бала әкеге қарап өседі деп айтамыз. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» дейміз. Балаларыңыздың IT cаласына қызығушылықтары бар ма? 

- Менің әкем мен ағам экономисттер. Ал, анам ұстаздық қызметті атқарған болатын. Біздің әулетте техника саласын таңдаған адам жоқ. Бірақ, мен компьютер маманын таңдап, 2000-шы жылдары институтқа түскен кезде жанұямдағы бүкіл туысқандарым «келешекті мына бала өз нанын таба алмайды» деп айтқан еді. Себебі, «компьютерші» деген мамандық емес” деген болатын. Одан бері 18 жыл өтті, қазір IT мамандары нарықта өте тапшы. Бұл уақыт талабы деп ойлаймын. Ал, балалардың жаңа технологияларға қызығушылықтарына келер болсақ, бұған қызықпайтын бала жоқ шығар. Бірақ, мұның бәрін бақылап, реттеп отыру қажет. Таң атқаннан кеш батқанға дейін телефонға телміріп, ойын ойнай беру – әрине дұрыс емес. Дегенмен, телефондағы құрылғылар мен функцияларды білім деңгейі мен қосымша дағдыларын одан сайын жетілдіру үшін пайдаланатын болса, әрине қолдау керек. Мойындау қажет, біздегі жас балалар телефонды ойын құралы ретінде ғана ұстайды.

- Білім алу үшін 6 жыл Оңтүстік Кореяда тұрдыңыз. Баршамыз білетіндей, бұл ел цифрлық тұрғыдан өте жақсы дамыған мемлекеттердің бірі. Сол жақтағы жақсы жобаларды біздің елде қолданған дұрыс деп ойлайсыз ба? Қандай нәтижелі жобаларды әкелген жөн?

- Мен толығымен ондағы жобаларды қолдамаймын. Себебі, IT саласында идея мен технология болса жеткілікті. Біз өткен жолы Astana Hub-та программисттермен кездестік. Басқа елдердегі іске асырылған жобаларды көріп, соны өз күшімізбен неге жасамасқа? Неге біз оны сатып алу керекпіз? Неге әкелу қажетпіз? Олардың жасағанын біз де жасай аламыз.

- Адамның жасағанын адам жасай алады дейсіз ғой?

- Әрине, IT маманы дегеніміз – программалау. Басқа программисттің істегенін мен де істей аламын. Бастысы – ынта мен дағды болса жеткілікті.

- Жаһандық медицинада қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі – телемедицина. Баспасөз беттеріне берген сұхбаттарыңыздың бірінде «телемедицина бойынша елімізде күніне 20 мың қызмет жасалады» дедіңіз. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз?

- Бұл көрсеткіш жылына шамамен 300 мыңды құрайды. Осы бағытта жұмыс жасап келе жатқан жоба бар. Ол «Дәрігер-дәрігерге» деп аталады. Себебі, облыстық аймақтағы пациентке жергілікті дәрігер диагноз қоя алмайтын болса, ол республикалық деңгейдегі дәрігерге шығып, Skype арқылы сөйлесе алады. Мұны ұжымдаса отырып, қызмет атқару десек те болады. Мәселен, шалғайдағы дәрігер еліміздегі білікті маманға хабарласып, науқастың ем қорытындылары мен рентген суреттерін көрсетеді. Солай бір-бірімен ақылдасып, кеңеседі. Нәтижесінде медициналық қателіктер орын алмайды. Ал, телемедицина қызметін көбірек қолданатын аймақтарға келетін болсақ, Ақтау және Атырау өңірлері.  

- Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша медициналық сақтандыру енгізілмек, электрондық денсаулық паспортын 2020 жылға дейін 100 пайыз қамту жоспарларыңызда бар. Тағы қандай маңызды жобаларды қолға алдыңыздар?

- Біз де көптеген жобалар бар. Оның ең негізгі бағыты – электронды денсаулық төлқұжатын республикалық деңгейде іске асыру. Екінші мақсат – дәрігердің көрсеткен қызметін бағалау. Бұл дегеніміз – азаматқа қызмет көрсетілгеннен кейін оған хабарлама келеді. Осыған сәйкес, азамат өзіне қызмет көрсеткен маманның қызмет сапасын бағалайды. Нәтижесінде, біз дәрігер қызметінің адамға жеткендігін білеміз, оның сапасын қалай арттыру керектігін талдауға мүмкіндік аламыз. Мәселен, емхана ескірген болуы мүмкін немесе дәрігер кәсіби тұрғыдан төмен болуы мүмкін. Осының барлығы бағалау қызметінің арқасында анықталады. Ең бастысы – талдау жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, аурудың асқынуына дәрігердің әсер еткен, етпегенін білеміз. Бұл мәселеге дәрігердің нашар қызмет етуі себеп болса, оны қайтадан оқытамыз, жалақысын төмендетеміз. Ал, керісінше жақсы бағалар алып отырған дәрігер болса  айлығын көтереміз. Міне, осының арқасында біздің дәрігерлерде «азаматтарға жақсы қызмет көрсету керек» деген мотивация пайда болады.

- Жақында денсаулық сақтау саласына байланысты заң қайтадан жаңартылды. Неліктен жаңартылды? Әлде кейбір мәселелер шешімін таппады ма?

- Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің еңбекақыларын қалай көтереміз, азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалай күшейтеміз деген мақсатта заңға бірқатар жаңашылдықтар енгіздік. Ал, осы мәселелер заңда қарастырылмаса біз дәрігердің жалақысын қалай көтереміз? Бәрі заңдық тұрғыдан болуы шарт. Сондай-ақ, ел тұрғындары медициналық тексерістен жиі өткенін қалаймыз. Осының барлығын заңды жолмен реттеу үшін оны қайта жаңғырту қажет болды. Аталған мәселелер бұрыңғы заңда жоқ болатын. Қазір біз заңның жаңа нұсқасын азаматтардың танысуы үшін іске қостық. Осыған байланысты азаматтар өз ұсыныстарын білдірсе оны қарастыратын боламыз.

- Сіз Facebook парақшаңызда электронды денсаулық паспортына сәйкес, мәліметтерді ашық сақтауға байланысты азаматтарға арналған сауалнама жүргізіпсіз. Осы жөнінде айта кетсеңіз?

Конституция бойынша әр азамат өзінің мәліметтері туралы ақпаратты жауып тастауға құқылы. Егер де жауып тастаса медициналық төлқұжатты жүйе де, дәрігер де көре алмайды. Қауіпсіздік сақталады. Ал, менің Facebook парақшамдағы сауалнаманың қорытындысы бойынша көптеген адамдар ашықтықты қолдап отыр. Яғни, мәліметтер жабық болса нашар қызмет көрсетілетінін түсінеді.

- Иә, расында адамға кенеттен бір жағдай болып қалса дәрігер мәліметтер базасына қалай кіреді, қалай қол ұшын созады? Бірақ, кейбір адамдар түсінбей жатыр. Бұл біздің жеке қауіпсіздігімізге бас сұғушылық дегендей ойларын білдіріп жатыр. Осыған қалай жауап бересіз?

Ол тек қана менталитетке байланысты. Қазір жауып тастауға мүмкіндік бар. Бірақ, ертеңгі күні медициналық мекемеге келетін болса сапалы қызмет ала алмай қалуы ықтимал. Жалпы мұның салдары нашар болуы мүмкін.

- Жалпы IT салаcы халыққа, ел мен жерге пайдасы тиетін ауқымды сала. Өзіңіздің мол тәжірибеңіз бар. Артыңыздан келе жатқан IT-мамандарға қандай кеңес бересіз? Болашақта осы салаға жастарды тарту үшін не істеу керек?

- Бұл салада айтарлықтай табыс жоқ. Бірақ ең бастысы – кез келген азаматтың өз денсаулығы бар, туыс-туғандары бар. Яғни, аталған сала барлық адамға қатысты. Егер жас таланттар жаңа жобаны тауып, іске қосатын болса бұл ұлттың саулығына, өз денсаулығына, туыс-туғандарының саулығына үлкен әсер етеді. Менің ең басты мотивациям осы. Қазақтың баласы болғандықтан елге қызмет еткен жөн.

- Ер – ел үшін туады дейсіз ғой?

Әрине, әрине! Көпке пайдасын тигізу қажет деп ойлаймын.

- Ашық әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Назерке Еркінқызы