25 қаз, 2019 сағат 17:09

ҚПЛ: «Қайсар» өз алаңында «Атыраудан» жеңіліп қалды

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 31-турының бір ойыны өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл кездесу Қызылорда қаласында болып өтті. Жергілікті «Қайсар» өз алаңында «Атырау» командасын қабылдады.

«Қайсар» командасы биыл алдына қойған межесін орындады. Облыс басшылығы олардың алдына келер жылы еурокубок ойындарына қатысу міндетін қойған еді. Естеріңізге сала кетелік, 6 қазанда елордада өткен Қазақстан кубогы финалында «Қайсар» «Атырау» клубын 2:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде биыл Қазақстан кубогының иегері атанды.

Бүгінгі кездесуде «Атырау» командасы алға ұмтылды. Өйткені, олар үшін әрбір ұпайдың маңызы артып тұр. Қазір 20 ұпаймен турнир кестесінде 11 орында келеді. Нәтижесінде олардың қатарынан 39-минутта Петр Гжельчак алаң иелері қақпашысын қапы қалдырып кетті. Ойын соңына дейін осы есеп өзгерген жоқ. «Қайсар» қарсыласынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Бұл турдағы қалған ойындар 26 және 27 қазан күндері өткізіледі. 26 қазанда «Шахтер» мен «Оқжетпес», «Ордабасы» мен «Ертіс», «Қайрат» пен «Тобыл», 27 қазанда «Жетісу» мен «Тараз», «Астана» мен «Ақтөбе» командалары кездеседі.