30 қаң, 2017 сағат 13:00

Қозыбай Құрман: "Тәкаппар дүние тамырында күй тулап"

Осынша сағыну үшін осынша алыстау, осынша «жоғалу» керек пе еді?! Онымен жолыққанда тек сағыныш жәйлі ғана әңгіме айтар едік. Жанқиярымызды жүрегімізге орап аяқталмайтын жолға қарай ұзатып сап, әлден-ақ соны сағынып үлгергенімізді айтып отырар ек. Сол сағынышымыздың осынша ұзап кетерін кім білген?!

Енді Құдайдың өзі бақиға дейін есіп қойғандай осы көңілдің пернесінен басқа не ести аларсыз?! «Әуелі әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға...» Қағазға түскен әрбір қаріп әбден сағынған алапат жүректің жолаушысы секілді. Бағып тұрсаң, жолынан адаспай тұпа-тура мекеніне, Жүрекке жетіп жығылады-ай. Жеткені бар болсын, жаныңды әлемтапырақ қып тынады-ай. Күйлі ғой тым. Сосын отырарсың, шанақтың шыңырауына сүңгігің кеп...

Әрине, өзіңнің замандасың туралы айту оңай болғанымен, оның шығармашылығы туралы айту қиын-ақ. Қайткенде де Қозыбай замандасымыздың жазуы жұрттан алабөтен. Күйдің сырын түсінуге ынтыққан көңілдің қай жазғаны да бөлек күйге түсіреді. Сосын онымен бірге өзіңнің де егіліп отырғаныңды байқамай қаласың. Есіміне сай қоңыр өлеңдері оқырманның кезерген ерніне шәрбат тосатындай.

Асылан Тілеген

Болмыс 

Күй төгілді тағы да тамылжулы, бір нашты, 
Мың тұлпары көңілдің дүбір қосып қырды асты. 

Пернелерде мың бұлбұл тартқан сайын дүр етті, 
Ұлылығын бұл күйдің өз тілінде жыр етті. 

Бірде алқып сүйеді ол кеудеңді от-дүр жалындай, 
Бірде аңқып сөйлейді баяғының шалындай. 

Күбір болып тамады еріндерге кезерген, 
(Боз жусандай бұп-бұйра сөздің нілін сезем мен) 

Көзесіне құйғандай түннің сарқып гүл шығын, 
Сіздің қырда жарғандай бұлттар тамшы – бүршігін – 

Қондырғандай айдынға өңшең асыл сазды ылғап, 
Шақырардай сол маңға қос қанатын қаз бұлғап. 

Сұлу бола алар ма шайыр жазған жыр өстіп, 
Шешендердің аузынан төгілер ме гүл өстіп? 

Саған, дүние, салмаймын мұндай шақта көз ұшын, 
Сеннен көңілім қалады бір-ақ ауыз сөз үшін. 

Хрусталдың сыңғыры секілденіп өлі, өшкін 
Тұрған үнге тамсанар музкант та емеспін. 

Елтем ерке дауысқа қос пернеде наз айтқан, 
Тыныштығын көңілдің соған бола азайтқам... 

Келді бәрін дүниенің күймен ғана гүл еткім, 
Күйден ғана жаралған өзі мынау жүректің... 



Жетім 

– Көшеде қалды? 
– Нешеде қалды? 
– Тастанды бала есебі. 
– Не қадір қалды шеше де әлгі? 
– Өзге ұлтқа тиген деседі. 

Шар етті бала. 
Шалқайды қоғам. 
Бүлік етпейді деп кім білген? 
Өліп кетсе де түк емес-ті оған – 
Тарады тобыр бір-бірден. 

Өмірдің мәні «шыр» ету ме екен, 
Жоқ ондай ауыр сөз әлі. 
Тағдырын оның білетін бе екен – 
Жетімдік қолын созады. 

Таңдайда омырау дәмі қалса ғой, 
Тағы қалса ғой от құшақ. 
Бүгін бе, ертең жаны қалса ғой, 
Тағдыры тепті доп құсап. 

Сойнан мұндай сормаңдай емен, 
Күресін қалды: ана көкек боп. 
Ақыны қаза болғандай өлең, 
Барады жетім бала жетектеп... 



Күй 

Қоңыр сұлу қоңыраулы нота көріп "күй" депті, 
Қоңыр даусы боздаған бота көріп бүй депті: 

– Қоңыр кеште қоздатқан қоңыр мұңын ұлтым, – деп 
Қоңыр шанақ ішінен сөйлепті бір үн біртіндеп. 

Мың жүректің ықыласы соған ғана бөлінген, 
Зергер қойған жүзікке гаухардайын сол үннен – 

Қызыл-жасыл өмірді тану үшін топ келер, 
Бір ыстық үн алуға тірлігіне от берер. 

Сонан құсы көңілдің қанаттанған лезде елтіп, 
Бізді сонау бағзыдан бүгінге аман келді ертіп. 

Сол ғажап үн қазақта күмбірлеген «күй» аты, 
Күймен бірге жасайды ұлттың ары, ұяты! 

 

Әлиханның монологі 

Намысы жердің – 
Намысы көктің – 
Намысы сонау ғасырдың 
Келмейді сені, 
Келмейді оны – 
Рухымды жасын жасырғым. 
От сұрап келген болашақ үшін 
Болғаны сол-ақ – лап еттім, 
Көлбеңдеп тағы күн болып бардым, 
Көл етіп жүрсе жасын кім. 
Төгіле салдым, 
Егіле салдым, 
Иілген қарттың басы үшін, 
Есімді жидым, 
Жігерім құйдым 
Бойыма; 
Ұлттың қасы үшін... 
– Ашыса сенің ешкімге емес, 
Ешкімге емес бұл жаның 
Қазаққа ғана ашысын! 
– деп сонда маған балбалдар тілі, 
Балбалдар тілі бүрлеген; 
Зәуренім бітсе сол мұратпенен – 
Бекерге өмір сүрмегем. 
Қайрағым келді қайратым мұңға, 
(Қайырлы болса мұңда сеп,) 
Рухизатым дүр етсе деп ем – 
Кіріптар боп ем кімге мен? 
Ел болса деп ем, 
Жер болса деп ем 
Ырысы көкке шашылған, 
Ұл болса деп ем, 
Қыз болса деп ем, 
Өрбіген жатыры асылдан, 
Жапсам бір дедім жалаңаш жатқан – 
Ұлтымның барлық ұятын, 
Сәбиді және ашылған. 
Һәкімнің сосын мұрасын ыстық, 
Маңдайға ұстап мұрат қып, 
АЛАШ боп солай, 
Бір сәуле жақтық – 
Қараңғы жұртқа шырақ қып... 
Бір арман сонда – 
Аңқасы кепкен кейінгі келер ғасырға 
Бұрқырап тұрсақ деп едік сол кез 
Боз жусан болып бір-ақ түп... 

 

О, Әмірхан... 

Бір арудың күлкісі ұсап күлгендей, 
Мың тұлпардың дүбірі елтіп жүргендей - 
Тәтті өмірден неге кеттің, Әмірхан, 
Түбінде у жататынын білгендей. 

Сенсіз шаһар оранды ма мұңға кіл, 
Сені есіне алады екен мұнда кім? 
Жалғыздығын айға ғана жеткізген, 
Көкбөріні келді өзің боп тыңдағым. 

Сорғалатып сыйлай алмай балын бақ, 
(Беті де оның алған, тәйірі, қалыңдап.) 
Отқа айналып кеткен сенің ғұмырыңның, 
Етегінде біз жүруші ек жалындап. 

О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей, 
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей, 
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды, 
Күйдің тілін білсем ғой. 

Бақұлдасқан барқыт белмен келіспей, 
Сені өсірген бақытты елмен келіспей, 
Сен келер деп «туған жеріңді» елте оқып, 
Туған жеріңе ренжігем мен іштей. 

... «сол Алматы жетімдігін жасырған», 
Сол адамдар ырқына тез бас ұрған. 
Себе салған бір Алланың нұры үшін, 
Ырыздығы үшін тағы шашылған – 

Інілерің ірілікті құптасықан, 
Сенің асқақ үмітіңмен нық басқан. 
Сенің жастық жылдарыңның кейпінде, 
Мың арудың түсінде жүр шықпастан. 

Сағыныштан сызып атқан таңға ұсап, 
Сенің қысқа ғұмырыңдай әнге ұсап. 
Жанарыма ұялаған мөлдір шық, 
Секілді бір мөлтілдеген тамды шақ... 

О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей, 
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей, 
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды, 
Күйдің тілін білсем ғой. 


Мезгіл әуендері 

Сәуірде гүл қыз боп, 
Сол қыздар жұлдыз боп жанатын. 
Сезімдер әуен боп, 
Әуендер құс болып қағады қанатын. 
Уақыттың сыңғыры – 
Күлкісі арудың тым қысқа-ақ, 
Момақан бейнелі бір күйде қыр, қыстақ. 

Бір сүрлеу жетелеп, 
Бір үміт дәл кімді күттірді? 
Мен сені ойлап ем, шаттықтан жанарда шық күлді. 
Көкейде мың сырнай – мың үміт қиқулап, 
Тәкаппар дүние тамырында күй тулап. 
Көгілдір көк теңіз. Құс биі – көз алдым, 
Сол биді, 
Сол күйді 
Жазуға сөз алдым. 
Сөз алдым тағы да көктемнің әні үшін, 
Көктемде сөйлейтін қазақтың жаны үшін, 
Жазуға сөз алдым. 

ІІ 

Жауқазын бүр атты, 
Қырларда гүл өрді, 
Белдерде қиқулар керуен боп. 
Даланың кеудесін күйге орап жіберді, 
(мен мұндай салтанат көргем жоқ!) 

Бұлақтар тым тентек өрен боп бүлінді, 
Тал-терек шегінді жардан тез ақылды ап. 
Бұлттар көшетке су тасып жүгірді, 
Мың тамыр жөнелді лезде ысып, лапылдап. 

Дүние құлпырар дүрк беріп жүз өңмен, 
(О, өмір, сен неткен перделі ең!) 
Жылқылар адырға беттейді күзелген, 
Шұрқырап сыңайлы бір-бірін көрмеген. 

Сағыныш ұрығы себілген дала бұл, 
Көктемді қарсы алар сан сезім үлбіреп. 
Сәуірде осылай есіне алады ұл, 
Есіне алады езіліп бұл жүрек! 

 

ЖАЗ 

Көбелек қанатынан діріл көріп, 
Гүл кірпігін мұңға орап іңір келіп. 
(Бір толқынға жүрегім көміледі, 
Бір мұратым кетердей дүбірге еріп.) 

Шыр айналып боз тұман басқан қырды, 
Жүгірді жел, күтуде аспан кімді? 
Жамылып саруайымды тас мүлгиді, 
Сол бір күй көкірегінде, о, бастан мұңлы. 

Созады байғұз ептеп ымыртта «әнін», 
Қолына алатындай түн ырықты әлі. 
Долданса дүлей дауыл күшіне еніп, 
Орман түгел түйеді жұдырықтарын. 

Болар ма таудай биік сенім шегі, 
Сағынар ту даламның көлін шөлі. 
Күн – қыздың қабағы әлі ашылады, 
Ол құдды жігіт – жердің келіншегі. 

...сөзбен бәрін тастардай жайлап матап, 
Берсем бе екен мен барлық айға атақты ап. 
Бұл мезгіл де жарқ етер жасын болып, 
Қалсам екен сүгіретін қайда сақтап?! 

Алтайды аңсау 

Алтай – Алтай болғалы иығыңды қар басып, 
Жырау жылдар жылыстап, жырыңды айтты алмасып. 
(Менің бала күніме – жалаңаяқ от берген, 
Сені сүйем өзіңдей адал, албырт көктеммен.) 

Тау тұлғаңмен таң нұрын пейілдене ұрттап, 
Әжіміңде жіпсіген тұр ғасырлар тұнып нақ. 
Жұмекенге ұқсатып артық көргем неден мен – 
Аумай қалып тұрғаның содан болар өлеңнен. 

Секілденіп ақ қайың Ертіс келіп емініп, 
Секілденіп қарағай сау етісіп, шегініп – 
Маған ғана ұнайды алқам-салқам тұрысың, 
Көкірегіңде пырылдап жатсам сосын түн іші . 

Тыңдау үшін мен кейде құйқылжыған құс әнін, 
Саған қарай үкідей түнек жарып ұшамын. 
Жатам сосын балбырап маңдайымда таң атып, 
Алтын күнге кекілін арғымағым жалатып. 

Кесесіне шық құйып шөліркеген қыр оты, 
Жұтады да тамсанып, қауласады дүр етіп. 
Бұлағыңмен етекте жатсам бірге күй тасып, 
Тұма біткен жиылып кететіндей ұйқасып. 

Күреңшеңнің басында күлтеленген үмітім, 
Саған ғана жетелер сарығым боп күні-түн. 
Жүрем сосын жүректе жылуы – дүр отты үрлеп, 
Жанарымда тұрады сағынышым тек гүлдеп! 

Алтай, Алтай әу бастан болған анам өзің деп, 
Көк жүзінен саулаймын жаңбыр болып – сезім боп. 
Кемсең қағып жетемін кейде өзіңе мұң сынды, 
Сендей берік сақтайды бұл ғаламда кім сырды? 



Күн қызы 

Қанатына құс көктем, 
Сағынышты мінгізіп. 
Көгілдір көк түс боп мен, 
Жалғаймын сан түнді үзік. 

Жұлдыздардың гүл ашқан, 
Ерінінен сүйгізіп. 
Қайтам сосын ұлы аспан – 
Жүрегімді күйгізіп. 

Алатаудың бал түнін, 
Махаббатқа көрпе ғып. 
Сұлу сәуле балтырын, 
Сүйді іңкәрлік – еркелік. 

Ерінінен шоқ тамып, 
Мұз ернімді аймалар. 
Ғашық жаным отқа анық, 
Көбелекке айналар. 

Бөлесе де ақпан мұң, 
Ызғар өпсін кешкілік. 
Мені өртеп жатқанын, 
Кетті күн қыз кеш біліп.