18 шіл, 2019 сағат 12:12

Қоймадағы өрт толықтай сөндірілді - ТЖД

18 шілдеде таңертең Алматы қаласы Жетісу ауданындағы бояу өнімдері қоймасынан  шыққан өрт жеті сағаттан соң сөндірілді.

"Сағат 14.49-та өрт сөндірілді" деді түстен кейін Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетова. Ол өрттен ешкімнің зардап шекпегенін айтты.

Алдын ала ақпарат бойынша қоймада шамамен 200 тонна бояу өнімінің болуы өртті сөндіруді қиындатқан. Өртпен күреске Алматы қаласының 67 қызметкері мен 27 бірлік өрт сөндіру техникасы, өрт сөндіру құрылғысы бар тікұшақ тартылды. Оларға «Алматы су» мекемесі де көмекке келді.

Өртенген аумақтың көлемі шамамен 450 шаршы метрді құраған.

Төтенше жағдай департаментінің дерегі бойынша, қаладағы Омаров 12в/1 мекен-жайында орналасқан нысан өртенген. Ашық дереккөздеріне сәйкес, мұнда бояу өнімдерін (арасында мұнай-газ саласында қолданылатын бояу түрлері де бар) шығаратын жеке компания орналасқан.