#
#
Сенбі 17/08/2019

Қой-Таштағы оқиға: Атамбаев пен жақтастарына қандай айып тағылды?

  • 13.08.2019
  • 0
  • 273

Қырғызстанның бас прокуратурасы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа Кой-Таштағы қақтығысқа байланысты айып тақты. Бұл туралы бас прокурор Откурбек Жамшитов бүгін, 13 тамызда хабарлады.

"Бүгін Атамбаевқа тәртіпсіздік ұйымдастыру, заңсыз қару айналымы, тергеуге кедергі келтіру, адамдарды кепілге алу, адам өлтіру, адам өлтіруге талпыныс жасау сияқты жеті қылмыстық айып тағылды" деді бас прокурор.

Жамшитовтың сөзінше, Атамбаев ұстау операциясы кезінде арнайы жасақ пен экс-президент жақтастары арасындағы қақтығысқа байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, бұрынғы президенттің кейбір жақтастарына да айып тағылған. Бас прокурор олардың тергеу изоляторына екі айға қамалғанын айтты. Қамауға алынғандар арасында Атамбаевтың бұрынғы кеңесшісі Фарид Ниязов, Қырғызстан социал-демократиялық партиясының өкілдері Алга Кылычев, Кыяз Исмаилов, Амантур Жамгырчиев бар. Олардың барлығы қазір Бішкек полициясының тергеу изоляторында отыр.

Атамбаев 8 тамызда жалғасқан операция кезінде өз еркімен билікке берілді. Оған жемқорлық айыбы тағылып, экс-президент 26 тамызға дейін қамауға алынды. Қазір оның ісі тергеліп жатыр.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады. Үш рет шақырту жібергенімен тергеуге бармаған Атамбаевты министрлік арнайы операция жүргізіп, күштеп әкелуді тапсырған.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан. Бішкек бұл айыптардың саяси астары бар дегенмен келіспейді.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.​

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар