14 там, 2016 сағат 17:09

Көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс тұрғындарын алаңдататын проблемалар әртүрлі салаға қатысты болды. Атап айтқанда, өтелмей жатқан несиелер, жабылуға шақ қалған оқу орны мен ауыр дертке шалдыққан баланы емдеу сияқты мәселелер қаралды.

Кездесуге әдеттегідей салалық басқармалар мен департаменттердің жетекшілері, аудандық және қалалық әкімдіктердің қызметкерлері, сондай-ақ, қаржылық ұйымдардың өкілдері шақырылды. 

Ең алдымен облыс әкімінің қабылдауында Глубокое ауданының тұрғыны Валентина Кукченко болды. Ол аталмыш ауданның Верх-Березовка кентіндегі техникалық колледждің болашағына алаңдаушылығын білдіріп, аймақ басшысынан көмек сұрады.

Естеріңізге салайық, қазірде 240 орынға шақталған колледжде небәрі 110 студент білім алуда. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықованың сөзіне сенсек, жүргізілген прокурорлық тексеру нәтижесінде ғимараттың стандарттарға сай еместігі анықталған. Осыған байланысты оқу орнын оңтайландыру жөнінде шешім қабылданыпты.

– Бірде-бір студентті далада қалдырмаймыз. Олар Глубокое кентіндегі аудандық аграрлық колледжге ауыстырылады. Ал босаған ғимаратқа Белоусовкадағы кәмелеттік жасқа толмағандардың арнайы мектеп-интернатының оқушылары көшірілмек. Осылайша, бірден екі мәселе шешімін таппақ, – деді басқарма басшысы жиында.

Өз кезегінде Валентина Кукченко колледж ғимараты таяуда ғана күрделі жөндеуден өткенін айтып, оның материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарғанын ерекше назарға алды.

– Бұйырса, алдағы уақытта кентімізде жаңа өндіріс орны ашылады. Бұл істі қытайлық кәсіпкерлер жүргізбек. Шетелдіктермен кездескенімізде олар колледжіміздің студенттерін іс-тәжірибеден өткізіп, артынша жұмысқа қабылдайтынына сендірген болатын. Сондықтан аталмыш оқу орнының жабылуына жол берілмесе екен деген тілегіміз бар, – деді В.Кукченко.
Дегенмен, әзірге бұл құр сөз ғана. Мұны аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ те ерекше атап өтті.

– Менің қолымда оқу орны қызметкерлерінің өздері қол қойған шешім бар. Олар колледжді жабу туралы идеяны бірауыздан қолдап отыр. Демек, оқу орнын жабуға сіздер, тұрғындар ғана қарсы болып отырсыздар. Бұл – дұрыс емес. Біз бұл колледжді біржолата жапқалы отырғанымыз жоқ, тек оқытушылар мен студенттерді жаңа ғимаратқа көшіреміз, соны түсініңіздер, – деген облыс әкімі құзырлы мекемелер басшыларына жоғарыда айтылған қытайлық инвесторлармен тағы бір мәрте кездесіп, Верх-Березовкаға қатысты ниеттерін анықтауды тапсырды.

Аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВТІҢ қабылдауына келген келесі азаматша Төлетай Танекенова «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша алынған несиелердің қайтарылу проблемасына тоқталды. Белгілі болғандай, аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-нан несие алған облысымыздағы 480-нен астам шаруа қожалығының басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 95 пайызы бүгінде қарыздарын қайтармай келеді.

Ұлттық тұтынушылар лигасы облыстық филиалының директоры Төлетай Танекенованың сөзіне қарағанда, бүгінде әсіресе, «Бажалар A&E», «Тана» және «Сағыр Несие» сияқты серіктестіктердің жағдайы қиын болып тұр. Бұлардың қарызды қайтара алмауының объективті себептері бар. Сондықтан кәсіпкерлер аймақ басшылығынан несиелерін өтеу мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартуды сұрайды.

Дегенмен, облыс әкімі қарызын уақытында қайтармағандарға ешқандай жеңілдік болмайтынын кесіп айтты.

– Бұл несиелер бюджеттік қаражат есебінен берілгенін ұмытпаңыздар. Ал бюджет өз кезегінде облыс халқының салық төлемдерінен құралады. Демек, айналып келгенде осындай бірлі-екілі кәсіпкердің қарызын қалған тұрғындар өтеуге мәжбүр болады деген сөз. Бұл әсте дұрыс емес. Сондықтан ешкімге жеңілдік жасамаймыз. Мойындарына алған барлық міндетті орындаулары тиіс, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ 2011 жылы кәсіпкерлерге берілген 1 миллиард 100 мың теңге көлеміндегі несиенің 385 миллионы әлі қайтарылмағанын жеткізді.

Аймақ басшысы сондай-ақ, енді несиесін өтей алмай жүрген кәсіпкерлер бірінші кезекте айыппұл мен өсімақыны емес, қарыздың негізгі сомасын қайтаруға міндетті екенін айтты.

Сонымен қатар, облыс әкімі бұл күні Ұлан ауданының тұрғыны Алина Әліпованы қабылдады. Ол аймақ басшысынан бауыр циррозына шалдыққан ұлы Дастан Тоқбаевтың ем-домына қаржылай көмек көрсетуін сұрады. Аймақ басшысы балақайға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.



Нұржан Кенжеұлы

"Дидар" газеті