03 шіл, 2019 сағат 11:46

Қостанайдағы қазақ мектебіндегі шу: Тоқаев тапсырма берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы қазақ мектебіне қатысты мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін БАҚ-та Сырбай Мәуленов атындағы №24 бастауыш мектепті Бородин көшесіндегі бұрынғы Қостанай кәсіптік-техникалық колледжінің ғимаратына көшіргелі жатыр деген ақпарат тараған болатын. Ал мектептің ғимаратын балабақшаға айналдыру жоспарланған екен. Алайда оқушылардың ата-аналары жергілікті биліктің бұл бастамасына қарсы шықты.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі мен облыс әкіміне мәселені шешуді тапсырды.

"Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектепке қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Білім министрі және облыс әкімі барлық мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуі тиіс", - деп жазды Тоқаев твиттердегі парақшасында.

Айта кетсек, бұған дейін қостанайлық ата-аналар қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектептің жай-күйі нашар екенін айтып шағымданған болатын.