09 мау, 2017 сағат 10:19

Қостанай облысында сұрапыл жел 40 үйдің шатырын қиратып кетті

Қостанай облысында бұршақ жауып, сұрапыл  жел тұруы салдарынан  40 үй шатырының құрылысы бүлінді, деп хабарлайды alau.kz. 


«8 маусым күні сағат 17.40-та  Қостанай облыстық ТЖ департаментінің кезекшілік қызметіне Қостанай-2 тұрғын үй алабында қатты жел салдарынан үйлердің шатырлары ұшып жатқандығы жайлы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Қостанай облысы ТЖ департаменті және Қостанай ТЖ басқармасының жедел топтары жетті», - деп хабарлайды Қостанай облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

ТЖД қызметкерлері Қостанай-2 тұрғын үй алабында 37 жер үйдің шатыры қирағандығын анықтады. Бүлінген жерлер аумағы шамамен 1512 шаршы метрді қамтиды. Құрбан болғандар жоқ. 38 жастағы зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сағат 19.50 кезінде оқиға орнында қатты жел салдарынан бүлінген жерлерді қалыпқа келтіру мақсатында жедел штаб құрылды.

«Жел салдарынан қираған жерлерді қалпына келтіруге 25 техника және 85 адам жұмылдырылды. Оның құрамында  Қостанай облыстық ТЖД, Солтүстік ӨАЖҚТ, «ҚазТрансГазАймақ», «Форфайт» ЭПК, Қостанай әкімдігінің ТКШ бар», - делінген Қостанай облыстық ТЖД хабарламасында.