03 мау, 2020 сағат 06:57

Қостанай облысында екі шағын аудан бой көтереді

2021 жылы Қостанай қаласының іргесінде екі шағын аудан бой көтереді. Бұл туралы облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Берік Таңжарықов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінде Қостанай облысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 379,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 237,1 мың шаршы метр алқап көппәтерлі тұрғын үй салуға арналған.

«Жыл басынан бері барлық қаржыландыру көздерінен 1119 пәтер пайдалануға берілді. Биыл пайдалануға берілген үйлер саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда артық. Мәселен, биыл коммерциялық тұрғын үйлер пайда болады. Жоспар бойынша мұндай 551 пәтер тұрғызылады. Тұрғын үйдің ең көп көлемі Қостанай қаласына (61,4%) тиесілі. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін 2020 жылы бюджеттен 18,2 млрд. теңге бөлінді. Қостанай қаласының маңынан Қонай және Береке шағын аудандары бой көтереді. Қазір бұл елді мекенді су құбыры, кәріз, электр, газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде. «Қонай» шағын ауданында 30 бес қабатты үй болады деп жоспарлап отырмыз. Ал «Береке» шағын ауданының құрылыс ауданы 100 гектарға жетеді. Мұнда 72 көп қабатты үй немесе 6571 пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша, 2021 жылы қаланың екі шағын ауданының тұрғын үй құрылысы толығымен аяқталады», - деді Берік Таңжарықов.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Әуежай» шағын ауданында көп қабатты 4 тұрғын үй салынады. Ал 2021 жылы 108 пәтерлі тағы бір көп қабатты баспана ел иглігіне беріледі. Сонымен қатар, «Юбилейный» шағын ауданында бюджет қаражатына 6 үй және коммерциялық мақсатта 5 үй тұрғызылмақ.

Айта кетейік, облыста көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 108 пәтер сатып алынды.