03 сәу, 2020 сағат 15:12

Қостанай облысында бір адам коронавирус жұқтырды

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің 3 сəуір сағат 18:10-дағы дерегі бойынша, елде тағы жеті адамнан вирус табылды. Вирус жұқтырғандардың бірі Қостанай облысында. Бұл - Қостанайда дертке шалдыққан алғашқы адам. Бұдан бөлек, Түркістан облысында үш адам, Жамбыл облысында екі адам, ШҚО-да бір адамға вирус жұқты. 

Осылайша, Қазақстанның барлық аймағында коронавирус анықталды. 

Қостанай облысы әкімдігінің дерегінше, вирус жұқтырған тұрғын – 1991 жылы туған әйел адам. Ол 23 наурызда Шарм-әл-Шейх – Алматы рейсімен ұшып келген. Алматыда алынған анализі таза болған. Кейін ол Отар стансасынан пойызға отырып, Қостанайға келген. Қостанайда да одан анализінен коронавирус табылмаған. Тек 12-күні ғана коронавирус анықталған. Онымен бірге Египеттен ұшып келген үш адамның және пойызда болған 12 адамның анализдерінен вирус табылған жоқ.

Ал Түркістан облысында жұма күні вирус табылған үш адамның екеуі – 2019 жылы туған бала және оның шешесі.

Қазір Қазақстанда 460 адамнан вирус табылды. 29 адам дертінен айықты. Үш адам қайтыс болды. 3 сәуірде Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов брифинг өткізіп, елде Covid-19 дертіне шалдыққан 11 адамның халі ауыр екенін мәлімдеді. Біртановтың айтқан деректері:

  • Қазақстанда 28 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан.
  • Қазір Covid-19 дертіне шалдыққан 11 науқастың жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқастың жағдайы тым ауыр. 68 адамның жағдайы орташа, 341 адамның жағдайы жақсы я симптомы жоқ.
  • Қазақстанда вирус жұқтырған 450-ден астам науқаспен 13467 адам байланыста болған. Олардың арасында 442 адам елден шығып кеткен. 13025 адам Қазақстанда. Қазір вирус жұқтырғандармен байланыста болған 96,7% оқшауланған.
  • Вирус тараған ошақтар ауылдарда да бар.
  • Алматы мен Нұр-Сұлтанда енгізілген қатаң карантиндік шаралардың арқасында коронавирустың таралу деңгейі тұрақтанды. Вирус жұқтырғандар саны күніне 30 пайыздан аспайды. Эпидемияның деңгейі төмендеп келеді.

Айта кетейік, осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 199 адам, Алматы қаласында – 93 адам, Қарағанды облысында - 22 адам, Ақмола облысында - 19 адам, Атырау облысы - 20 адам, Жамбыл облысында - 8 адам, Шымкент қаласында - 11 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 4 адам, Алматы облысында - 9 адам, Ақтөбе облысында - 7 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 18 адам, Павлодар облысында - 1 адам, Маңғыстау облысында - 1 адам, Қызылорда облысында - 26 адам, Батыс Қазақстан облысында - 2 адам, Түркістан облысында - 19 адам, Қостанай облысында - 1 адам коронавирус жұқтырған.