13 мам, 2020 сағат 10:25

Қостанай облысында әйел адамның денесінің қапқа салынған бөлшектері табылды

Қостанай полицейлері 2014 жылы тіркелген қылмысты ашты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Іс деректерінде көрсетілгендей, Белоглинка ауылының тұрғыны 2014 жылдың қараша айынан бастап хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Ол кезде полицияға іздеу салынған адамның әпкесі арызданған. Полиция аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. 

«2020 жылдың 26 сәуірінде Белоглинка ауылының учаскелік инспекторына ауыл тұрғыны жүгінді. Ол жақында сатып алған үйінен қапқа салынған әйел адамның дене бөлшектерін көргенін айтты. Бұл 2014 жылы жоғалып кеткен әйелдің денесі болуы мүмкін. Сараптама жүргізілуде»,- деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер. 

Қарабалық ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалып кеткен әйелдің өліміне қатысты күдіктіні ұстады. Ол 62 жастағы Белоглинка ауылының тұрғыны болып шықты. Күдікті бұрын істі болған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК «Адам өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.