#
#
Сенбі 22/02/2020

Қостанай облысында 320 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

  • 28.01.2020
  • 0
  • 145

Қостанай облысында жер телімдерін заңсыз пайдалану фактілері азаймай отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде айтылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2019 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тексеру жүргізу кезінде бос жатқан 222,2 мың гектар жер анықталған. Бүгінде жерді пайдалану және қорғауды бақылау басқармасының инспекторлары 13,2 мың гектар алқаптағы заңбұзушылықтарды жойды. Ал бұрынғы меншік иелері 3,2 мың гектар жайылымдық жерден өз еріктерімен бас тартты. Қалған 205,9 мың га жер басқарма бақылауына алынды.

«Өткен жылы басқарма мамандары облыста 566 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 325 заңбұзушылық анықталды. Инспекторлар жерді заңсыз иеленгендерге 23,6 млн теңге айыппұл салды. Оның ішінде 20,1 млн теңге облыс бюджетіне өндіріп алынды. 1 млн теңге мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларының палатасына жіберілді. 2020 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша барлығы 320 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 115 мың гектар алқап сот тәртібімен мәжбүрлі түрде алынды. Бұл жер телімдері Жанкелдин, Жітіқара, Б.Майлин атындағы аудандарға тиесілі»,- дейді облыс әкімдігінің жерді пайдалану және қорғауды бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Әбдуов.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов басқарма бастығына өңірде қараусыз қалған алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесін баса айтты.

«Басқарма толыққанды жұмыс істеп отырған жоқ. Заңсыз жер иеленушілермен күрес әлсіз жүргізілуде. Мемлекеттің жер телімін мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін сот шешімін жеке сот орындаушыларына жібересіздер. Ары қарай не болды? Бастаған істі соңына жеткізбегенсіздер! Әсіресе, жері құнарлы солтүстік аудандарда жұмысты күшейту керек. Қазір бос жатқан жердің бәрі нақты мақсатқа бағытталуы тиіс. Аудан, қала әкімдері және облыстық басқарма осы бағытта жоспар құрып, жұмысты міндетіне алсын!» - деп тапсырды облыс басшысы.

 

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар