13 қыр, 2018 сағат 13:30

Көші-қон мәселесі Қазақстанды айналып өтпейді - Томас Хельм

Астанада Қазақстандағы Конрад Аденауэр қоры өкілдігі көші-қондағы жаңа үрдістер мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Германияда миграциядан өзге мәселе жоқтай көрінеді. Шынында да, көші-қон мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналды. Менің ойымша, жақын арада көші-қон саласындағы үрдістердің ауқымы кеңейеді. Себебі, экономикалық, әскери және өзге де себептермен әлемнің көптеген елдерінен халық үдере көшіп жатыр. Рохинджа секілді аймақтардың тұрғындары көшуге мәжбүр. Одан бөлек, әдеттегі еңбек миграциясы бар», - деді Томас Хельм Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Миграция: жаңа үрдістер мен бағыттар» дөңгелек үстелінде.

Оның пікірінше, көші-қон мәселесі қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанды да айналып өтпейді.

«Көші-қон мәселесі 8 млд-қа жуық адам тұратын Жер шарындағы әрбір дамыған мемлекетке әсер етпек. Күннен-күнге дамып келе жатқан Қазақстан да  келешекте экономикалық жетістіктерге жеткен сайын мигранттар мәселесіне жиі тап болады», - деді Қор өкілі.

Сонымен бірге, Т. Хельм көші-қон мәселесіне көз жұмып қарап отырмау қажеттігін еске салды. 

«Миграцияға қатысты көптеген мәселелер тығыз байланысты. Әйтсе де, миграцияның берер мүмкіндіктері де көп. Мәселені дұрыс шешу жолдарын бірлесіп талқылауымыз қажет. Мұнда тарихымызға қатысты мәлімдеме жасағым келеді. Мигранттарға қарсы қорған тұрғызу - мәселені түбегейлі шешпейді. Біз де өз тарихымызда қабырға тұрғызып көргенбіз, оның бұрыс шешім екенін тарих көрсетті», - деді Томас Хельм.

Өкілдік директоры әлеуметтанушы студенттер мен ғалымдарды ертең Астанада өтетін ірі конференцияға шақырды.

«Көші-қон мәселесі бойынша ертең Назарбаев Университетінде конференция өтеді. Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Миграция мен интеграция тақырыбы бойынша Қазақстан мен Германия тең дәрежеде пікір алмаса алады», - деді ол.

Дөңгелек үстел барысында германиялық Билефельд университетінің профессоры Томас Файст Германияға көшіп барған мигранттарды қоғамға бейімдеу туралы баяндама оқыды.