05 ақп, 2020 сағат 13:24

Көшербаев: Экономикалық, рухани және саяси мәселелер қатар жүруі керек

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында аймақ басшылары қандай мәселеге назар аударуы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз аудандардың да, қалалардың әкімдерін саяси қызметкер мәртебесіне қайтып әкелдік. Қоғамдық сананы жаңғырту – үлкен саяси мәселе. Әкімдер өңірлердегі саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына жауапты. Саяси жетекшілік жасайсыздар. Ал мынау үлкен саяси жұмыс. Айта кетейін, Мемлекет басшысының бізге жақында берген тапсырмасына сәйкес, ұлттық идеология мәселелерін одан ары жетілдіру бойынша өзіміздің ұсыныстарымызды дайындап жатырмыз. Бұл ортақ үлкен жұмыс. Біз экономика алда, саяси мәселе кейін» деген кезеңнен өттік. Қазір экономикалық та, рухани да, саяси да мәселелер бірдей қатар жүруі керек. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында нақты айтып көрсетті», - деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев министрлер мен әкімдер осы жұмыстың алдында жүруі керектігін еске салды.

«Мұнда бағдарлама шеңберінде келеңсіз көріністерді шектеу туралы пікірлер айтылды. Алайда құқықтық мемлекет қағидаты шеңберінде бұл жайттарды шектеу қаншалықты нәтиже беретінін сараптауымыз керек. Бүгінгі таңдағы той - ұлттық салт-дәстүрдің салтанат құратын, ұрпақ ұлағат алатын, өнер, мәдениет, тәрбие көретін өнегелі шаралар болса дейміз. Біз Наурыз мерекесінің қарсаңында тұрмыз ғой. Батыста көрісу деген жақсы дәстүр бар. Онда қыстыгүні ешкім ешқайда қатынай алмайды ғой. Қар ери бастағаннан кейін жер қарайғанда жастар жиналып, ақсақалдардың батасын алады. Осы себепті 14 наурызға таяу Амал мерекесін кеңінен атап, 22-24 наурызда Наурыз мерекесін тойлауға байланысты біз де өзіміздің ұсынысымызды береміз. Ұлттық дәстүрлерімізді елдің басын біріктіруге дұрыс пайдалануымыз керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалымен Ақордада бүгін ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өткізілді.