11 мам, 2020 сағат 13:37

Коронавируспен күреске қанша қаражат бөлінді - Қаржы министрі түсіндірді

Қазақстан коронавируспен күреске 150 млрд теңге бөлген. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Интернетте кейбір блогерлер Қазақстаның коронавируспен күреске 13,5 млрд доллар жұмсағандығын жазып, біршама аз қаражат бөлінген көрші елдердің кейбірімен салыстыруда. Бұл мүлдем қате ақпарат екендігін айтқым келеді. Коронавируспен күреске немесе індетке қарсы шараларға республикалық бюджеттен шамамен 150 млрд теңге немесе долларға шаққанда 350 млн доллар бөлінді», - деді бірінші вице-премьер Үкімет үйінде өткен брифингте. 

Оның түсіндіруінше, аталған сома дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталған 5,9 трлн теңгенің ішіне кіреді. 

«Бұл -жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдер, бизнесті қолдау, кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу, тұрғын үй құрылысы және басқалары. Бұл қаражат жыл бойына жоспарланған. Мәселен, бизнесті жеңілдікпен кредиттеуге 1 трлн теңге жұмсалады. Бұл қайтарылатын қаражат, бизнеске төменгі мөлшерлемемен кредит түрінде беріледі», - деді ол.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асыруға 1 трлн теңге бағытталады. Оның 300 млрд теңгесі бюджет, ал қалғаны бюджеттен тыс қаражат саналады. Бұл қаражатқа әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, инженерлік инфрақұрылымдар салуға және жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға жұмсалады. 255 мың жұмыс орны құрылады. 

«Яғни, Үкімет бағыттап отырған қаражаттың барлығы осы жыл бойы жаратылады. Оның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор және халықты жұмыспен қамтуға, олардың кірісін сақтауға және елдің іскерлік белсенділігін қолдауға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.