07 сәу, 2020 сағат 05:02

Коронавирус жұқтырған Борис Джонсон интенсивті терапия палатасына ауыстырылды

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон интенсивті терапия палатасына ауыстырылды, деп хабарлады BBC сайты. 

Соңғы бірнеше сағатта премьер-министрдің денсаулығы нашарлап, дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына жақын жерге орналастырған. 

SkyNews арнасының хабарлауынша, науқас есін біледі, бірақ жағдайы нашарлағандықтан дәрігерлер сақтық жасап, жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 19.00-де Борис Джонсонды өкпені жасанды желдету аппаратына жақын жерге ауыстырған. 

Джонсон премьер-министр міндетін уақытша орындауды сыртқы істер министрі Доминик Раабқа тапсырған. 

Жексенбі, 5 наурызда "коронавирус инфекциясы белгілері байқалған" 55 жастағы Борис Джонсон Әулие Фома ауруханасына жатқызылған болатын. Он күн бұрын британ үкіметі жетекшісінің дене қызуы көтеріліп, коронавирусқа шалдыққаны хабарланған еді.