20 мам, 2020 сағат 12:58

Коронавирус: Теңіз кеніші жабылуы мүмкін

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 935 адам коронавирус жұқтырғанын айтты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Індетке шалдығу көрсеткішінің өсіміне жабық ұжымдардағы науқастар санының артуы себеп болып отыр. Бүгінгі күні 935 жағдай тіркелген Теніз кенішінде сырқаттанушылардың артуы байқалады. Шымкентте де «PetroKazakhstan Oil Production» ЖШС қызметкерлері арасында жаппай сырқаттану тіркелді. Компания қызметкерлері арасында 101 жағдай, мердігер ұйымдарда - 23 және үй ошақтарында байланыста болғандар арасында 69 жағдай тіркеліп отыр. Қарағанды облысында «Қазақмыс» коропорациясы кеніштерінің бірінде 34 жағдай тіркелді», - деді бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері.

Оның атап өтуінше, Теңіз кенішінде сырқаттанудың артуына байланысты Атырау облысына үкіметтік комиссия жіберілген. Комиссия шешімімен аталған кеніште коронавирустың алдын алуға бағытталған жұмыстардың жоспары, кестесі қабылданды.

«Қазіргі уақытта аталған жоспардың, кестенің орындалуына бақылау жүргізу қажет. Олай болмаған жағдайда, науқастар санының артуына байланысты оқшаулануға және кәсіпорынның өздігінен не мәжбүрлі түрде жабылуына алып келеді», - деді Айжан Есмағамбетова.