06 сәу, 2020 сағат 06:55

Коронавирус: Ресей темір жол қатынасын тоқтатты

Коронавирус пандемиясына байланысты Ресей мен өзге елдер арасындағы темір жол қатынасы тоқтатылды. Бұған дейін жексенбі күні РТЖ соңғы халықаралық қатынастағы Беларуське баратын пойызды тоқтатты, бұған дейін компанияға 20-дан астам шетелдік бағытты жабуға тура келген, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Бұдан бөлек РФ қалалары мен Калининград арасындағы темір жол қатынасы уақытша жабылды. Оның ішінде Калининград-Мәскеу №30/29 пойыздары, Калининград - Санкт-Петербург №80/79 пойыздары да бар.

Бұған дейін Беларусь темір жолы Минск - Мәскеу №2/1 пойызының, сондай-ақ №52/51 Брест/Минск - Санкт-Петербург пойыздарының қатынауы уақытша тоқтағанын хабарлаған болатын.

Жаңа коронавирус тарала бастағаннан бері РТЖ 21 елмен пойыз қатынасын тоқтатты.

РТЖ сайтында тоқтатылған бағыттар туралы ақпарат беретін бөлім құрылған. Сұраныстың төмендеуіне байланысты РФ ішінде бірқатар пойыздардың жүру жиілігі қысқартылды.