#
#
Жұма 05/06/2020

Коронавирус: Қызылордада бас санитар көпшілікті қонаққа бармауға шақырды

  • 08.04.2020
  • 0
  • 177

Қызылорда облысының бас санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова өңірде коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасқан төтенше жағдай уақытында көпшілікті қонаққа бармауға және үйге қонақ шақырмауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазір облыс елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар саны жөнінен алдыңғы үштікте тұр. Облыста осыған байланысты тиісті шектеу енгізіліп, Қызылорда қаласы мен бірқатар аудандарда карантин жарияланған. 

«Айта кетерлігі, аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырған тұрғындардың 60-70 процентін жастар құрайды. Олардың тарапынан кейбір келеңсіз оқиғалар орын алып жатады. Мәселен. елордадан келген студент қыз ауылда достарымен басқосу өткізген. Соның салдарынан бірнеше адамға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылды. Шағын ғана ауылдан 25 адамның қауіпті індетті жұқтыруы алаңдатады. Сондықтан біз осы бағытта карантин ережелерін қатаңдата түстік. Енді облыс аумағында 2-3 адам болып топтасып жүруге тыйым салынды. Өлім-жітім, тойға баруға болмайды.», - деді облыстық Тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, аймақтың бас санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова. 

Ол кейбір отбасылардың жақындары еліміздің түкпір-түкпірінде тұратынын білетінін айтып өтті.

«Олар жаназа мен тойлардан қалмауға тырысады. Қазір мұндай шаралар инфекцияның таралуына өте қауіпті болып тұр. Сондықтан тұрғындардан барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Үй карантинін сақтаңыздар!», - деді Әлия Әбдіқайымова.

Соңғы дерек бойынша Қызылорда облысында 69 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар