26 ақп, 2020 сағат 10:01

Коронавирус: Қазақстан Оңтүстік Корея мен Иранға әуе рейстерін азайтады

Коронавирус инфекциясына байланысты Қазақстан Оңтүстік Корея мен Иранға әуе рейстерін шектейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтып берді.

«Оңтүстік Корея қаупі жағынан 1 санатқа енгізілді. 1 наурыздан бастап 9 рейстен 3 рейске дейін азаяды. ҚР Инвестиция және инфрақұрылымдық даму және Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп, өзге мемлекеттерді де қарастырып жатырмыз. Мәселен, Жапонияға аптасына екі рет рейс ұшады. Жолаушылар ағыны аз болғандықтан, әзірге еш қиындық жоқ», - деді Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Иран мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасына шектеу қойылады.

«Түркия, Пәкістан, Оман, Ауғанстан сынды елдер Иранмен әуе қатынасын уақытша шектеген еді. Өзге мемлекеттер бойынша шектеу қою мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді бас санитарлық дәрігер.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда 1 146 адам коронавирус жұқтырып, 11 адам көз жұмды. Иранда коронавирусқа қатысты 42 оқиға тіркеліп, оның 12-сі өліммен аяқталды.