03 мау, 2020 сағат 23:50

Коронавирус қаупі: Оралда орталық саябақ қайта жабылды

Оралда санитарлық талап сақталмағандықтан, орталық саябақ 4 маусымнан бастап жабылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, мониторинг тобы 3 маусым күні жүргізген рейд нәтижесінде тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында қалалық мәдениет және демалыс саябағын уақытша жабу жөнінде шешім қабылданды.

Шаһар басшысы Абат Шыныбеков пен Орал қалалық мемлекеттік бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов 31 мамыр күні саябақ арендаторларымен кездесу өткізген болатын. Онда карантин жағдайында санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі айтылып, орындалмаған жағдайда адамдардың қауіпсіздігі үшін саябақты жауып тастау мүмкін екендігі ескертілді.

Алайда рейд кезінде саябақта жұмыс істейтін арендаторлардың тиісті санитарлық талаптарды сақтамағаны, медициналық бетперде тақпағаны және кәсіпкерлік нысанында дезинфекциялық жұмыстың жүргізілмегені анықталды. Бұған айғақ ретінде мониторинг тобында фото-видео тіркелген. 

Сонымен қатар саябаққа келушілер де санитарлық талаптарды сақтамаған.

Осылайша 15 мамырдан бастап ашылып, сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істеген орталық саябақ қайта жабылды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, БҚО-да бүгінге дейін коронавирустың расталған 732 жағдайы тіркелді. Оның ішінде жазылды – 327, қайтыс болды – 1 науқас.