07 там, 2019 сағат 10:57

Қорғаныс министрлігі ғимаратының үстінен дрон ұшырғандар ұсталды

Бүгін Қорғаныс министрлігі ғимаратының бақылау-өткізу пунктінің аумағында басқарусыз ұшу аппараты (квадрокоптер) анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери полиция тобы квадрокоптер иелерін ғимарат маңайында ұстап, Нұр-Сұлтан қалалық Есіл ауданы полициясы басқармасының патрульдік қызмет мамандарына тапсырды.

Қорғаныс министрлігі дрон иелеріне «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңымен реттелген әуе кеңістігін пайдалану ережелерін, сондай-ақ дрондарды пайдалану ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Әскери объектілердің үстімен квадрокоптерлерді рұқсатсыз ұшыру – ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚК 563-бабына сәйкес, құқық бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК, ал лауазымды тұлғаларға 20 АЕК айыппұл салынады.

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңының 33-бабының 3-тармағына сәйкес, ерекше қорғалатын әскери объектілердің үстінен арнайы құрылғыларды ұшыру үшін мемлекеттік күзет қызметінің келісімі керек.

Қазіргі таңда заңға қайшы әрекеттері үшін басқарусыз ұшатын құрылғы арнайы жолмен залалсыздандырылып, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.