19 ақп, 2017 сағат 11:42

Қорғаныс министрі Тараздағы госпитальға барып, әскери қызметшілердің хал-жағдайын білді

ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов  қар көшкінінен зардап шеккен әскери қызметшілердің хал-жағдайын Тараздағы әскери госпитальға өзі барып білді.  

Бүгінгі күні әскери госпитальде сарбаздарға қажетті барлық мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген, әскери қызметшілердің жағдайы тұрақты, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.  


Сондай-ақ, әскери ведомствоның басшысы қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті. Қорғаныс министрі мерт болған азаматтардың отбасылары мен туған-туысқандарына көңіл айта отырып, олардың әрқайсысының өздерінің әскери борышын абыроймен атқарып, әскери қызметтің хас шебері болғанын  атап өтті.   

Қазіргі кезде Үкіметтік комиссия Жамбыл облысында орын алған қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап,  анық-қанығына жету үшін тергеуді жалғастыруда.