19 ақп, 2020 сағат 09:48

Қордай ауданындағы оқиғаға қатысты 90-ға жуық қылмыстық іс қозғалды

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қордай оқиғасы бойынша қозғалған істер туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінде жүздеген адамнан жауап алынды, процессуалды іс-қимылдар, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Барлық процессуалды дәлелдер алынғаннан кейін, кінәлілер жауапкершілікке тартылады», - деді М. Қожаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол қозғалған қылмыстық істер саны өте көп екенін атап өтті.

«Күн сайын қылмыстық істер қосылуда. Өздеріңіз білесіздер, адам өлтіру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Жаппай тәртіпсіздікке, ұрлық, қарақшылық, тонау фактілеріне қатысты қылмыстық істер бар. Түрлі эпизодтар бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс тіркелді», - деді М. Қожаев.

Дегенмен ол тергеу амалдарының қашан аяқталатыны туралы нақты жауап бермеді.

«Уақыт көрсетеді. Тергеудің жалпы мерзімі қылмыстық-процессуалдық заңнама бойынша екі ай. Егер де қосымша зерттеулер қажет болса, қажетті сараптамалар тағайындау қажеттігі туындаса, онда бұл мерзім заңнамаға сәйкес ұзартылуы ықтимал», - деді Марат Қожаев.

Еске сала кетейік, 11 ақпанда Қордай ауданындағы оқиға байланысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.