18 жел, 2019 сағат 16:16

Көпбалалы отбасылардың жобаларын микрокредиттеу мерзімі ұзарды

«Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың жобаларын микрокредиттеу мерзімі 7 жылға дейін болады.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Жаңаөзен қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығында болып, онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалуы туралы айтты және жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартудың маңыздылығын атап өтті.

Еңбекминінің басшысы өңірдегі бағдарламасын Жаңаөзендегі халықты жұмыспен қамту орталығына барудан бастады. Онда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларымен кездесті.

Мемлекет тарапынан қаржылық көмек алып, өз ісін белсенді дамыта бастаған жаңаөзендіктермен әңгімелескен Біржан Нұрымбетов олардың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланудың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

«Жаңа бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көпбалалы отбасылардың жобаларына микрокредит беру мерзімі 7 жылға дейін созылады. Қарыздарды төлеу кезінде қаржылық жүктемені азайту үшін мұндай жобалар бойынша номиналды сыйақы мөлшері жылдық 4%-дан аспайды. Жеткілікті кепілді мүлігі жоқ табысы аз көпбалалы отбасылар үшін микрокредиттерге кепілдік беру тетіктері таратылатын болады», – деді Біржан Нұрымбетов.

Халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерімен болған әңгіме соңында министр оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына жұмыссыздарды белсенді тартуға шақырды.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Біржан Нұрымбетов Жаңаөзендегі «Жанарыс» тігін фабрикасына барды.