#
#
Дүйсенбі 14/10/2019

Көпбалалы ана Сыздықова Айжан Нұрымқызы

  • 31.05.2019
  • 0
  • 3876

 

Сыздықова Айжан Нұрымқызы - бес аланың анасы. 70 жаста. Былтыр желтоқсан айында нан өнімі бойынша мемлекеттік грант жеңіп алған. Бүгінде жеке кәсібін жолға қойып, жемісті еңбек етіп келеді. Көпбалалы ананың өз кәсібін қалай бастағанын, қандай қиындықтар өткергенін, жұмысының бүгінгі жай-күйін білу мақсатында сөзге тартқан едік. Айжан апа сауалымызға ағынан жарылып, өмір жолын бір шолып өтті. Қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі - көпбалалы аналар тақырыбына қатысты да өз ойын айтты.

«Жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп, жолдамамен мектеп-интернатқа химия, биология пәнінің ұстазы болып орналастым. Кейін мектеп-интернатты түрік лицейі қылып, бізді таратып жіберді. Содан кейін мен ойлана келе, Жезқазған қаласынан өз кәсібімді ашуға ниет еттім. Сенсеңіз, мен жұмысымды бір көрпеден бастадым. Тынымсыз еңбек пен маңдай тердің арқасында ісіміз ілгері басып, өз жемісін бере бастады. Кейіннен 15-16 адам жұмыс істейтін «Жұлдыз» атты үлкен отельге айналдық. Жолдасым Ермек пен балаларым қолдау білдіріп, ұдайы демеу болып отырды», - дейді ол.

Айжан Нұрымқызы қазіргі таңда елордада тұрады. 69 жасында байқауға қатысып, арнайы тағайындалған грантқа ие болған. Қатысқан 300 адамның ішінде 24 адамға ғана грант берілген екен. Жеңімпаздарға 3 000 000 теңге көлемінде грант тағайындалған.

«Мен өз кәсібімді елге қажетті, пайдалы деп есептеймін. Бұл сала әлемнің өзге елдерінде жақсы дамыған. Біз нанды бидай өсіріп, оны ұнтақтау арқылы әзірлейміз. Яғни, біздің нан ашытқысыз, ұнсыз пісіріледі. Нанды пісіру үшін үш күн уақыт қажет. Қазіргі кезде біздің орталықта мүмкіндігі шектеулі төрт адам қызмет етеді. Бірі сөйлей алмай, бірі құлағы нашар естісе де, олар өз ісінің шебері. Жауапты, ұқыпты. Біздің кәсіп қажырлы жұмысты талап еді. Дәл қазір үлкен жетістікке жетпесек те, алдағы уақытта еңбектің жемісін жеп, қуанышқа кенелерімізге сенемін. Елдің алғыс-ризашылығына бөленіп жүргеніміздің өзі бір бақыт», - дейді Айжан Сыздықова.

Кәсіпкер ана көпбалалы аналарға билік тарапынан қолдау көрсетіліп, қажетті жағдай жасалуы керек деп есептейді.

«Мен де көп балалы анамын. Өзімді бес баламның арқасында бақытты санаймын. Әр бала – Құдайдың саған берген сыйы. Жүрегіңді елжіретіп, өміріңді нұрландырып, ырыс-береке алып келеді. Кейін елдің бір кірпіші болып қаланып, қамқоршыңа айналады. Кәсіп ашып, жұмыс істеуіме балаларымның көп көмегі тиді. Әрине, көпбалалы аналарға оңай емес. Баспананың жоқтығы, қаражаттың жетіспеушілігі, бәрі әсер етпей қоймайды. Оның үстіне қазіргі балаларды жан-жақты етіп тәрбиелеу көп күшті қажет етеді. Азық-түлік пен киім кешекті айтпағанның өзінде, әр баланы үйірмелерге беріп, қосымша білім алуына жағдай жасауға аз қаражат кетпейді. Бала жетіспеушіліктің кесірінен өзін қор санап, ортасынан бөлектене береді. Рухы жаншылып, сағы сынады. Кейін жалтақ болып өседі. Одан кейін жан-жақты даму туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес. Біз аз халықпыз. Ең бастысы қазақтың көбейгені керек. Одан кейін қазақ баласының рухы мықты, білім-білігі мол болсын десек, өкімет қолдау көрсетуі қажет. 21 мың теңге түгіл, әр балаға 30 мың теңге де жұғын болмайды. Әр қазақ боласының еңсесі биік болуы үшін, тұрмыс зардабын тартауы маңызды. «Өзің тапқанды өзің асыра» деген түсінікке келіспеймін. Керісінше, көпбалалы аналарға қамқорлық танытып, аяқтан тұрып кетуіне мүмкіндіктер туғызу керек», - дейді ол.


0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар