10 қаң, 2020 сағат 11:58

Көп пәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум нысаны ретінде тіркеу оңайлатылады

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы саладағы көптеген мәселелерді шешеді.

Соның бірі көп пәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум нысаны ретінде тіркеу тәртібі реттеліп, оңайлатылады.

Пәтер иелері кооперативтері басшыларының тұрғындарға ортақ мүлікті олардың келісімінсіз сатып жіберуі немесе жалға бергені туралы азаматтар тарапынан арыз-шағымдар жиі айтылып келді. Енді күшіне енген жаңа заң бойынша мұндай олқылықтарға жол бермеуге болады. Ол үшін не істеу керек?

Ең алдымен, көп пәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум нысаны ретінде тіркеу қажет. Және онда жер учаскесін қоса алғанда үйдің жалпы ауданы, ортақ мүліктің құрамы, әрбір пәтер мен тұрғын емес үй-жайлардың үлесі мөлшері, жекеменшіктегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың ауданы анық көрсетілуі тиіс.

Кондоминиумды тіркеу арқылы жалпыға ортақ мүлікке деген құқықтары заңдық тұрғыдан бекітіліп, оны басқаруға тікелей қатыса алады. Мемлекеттік тіркеу үшін кемінде 2 адамнан тұратын бастамашы топтың өтініші керек.

Заң бойынша кондоминиум нысаны жалпы мүлігінің бір бөлігін сатуға немесе жалға беруге тыйым салынады. Тиісті шешім тұрғындардың жиналысында қабылдануы керек.

Кейбір құрылыс компаниялары немесе басқарушы компаниялар үйді кондоминиум ретінде тіркемей тұрып, оның бөліктерін, яғни жертөлелерін, баспалдақ алаңдарын немесе іргелерін сатып жібереді. Заң бойынша мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кондоминиум ауданын енді үйді жоспарлау кезінде-ақ анықтап алады. Оған қоса, пайдалануға қабылданған көп пәтәрлі тұрғын үйдің кондоминиум нысанын мемлекеттік тіркеу міндеті үйді салушы компанияға жүктеледі.

Егер мүлік иелері үй маңындағы жер учаскесін жалпы мүлік құрамына кіргізуді қаласа, жиналыста тиісті шешім қабылдап, жергілікті атқарушы органға өтініш бере алады. Олай болмаған жағдайда жер мемлекеттік меншікте болып, оны күтіп-сақтау шығыны бюджет есебінен іске асырылады.

Тағы бір маңызды мәселе, кондоминиум нысаны ретінде тіркеу жалпы мүлікті басқарып, пайдалануға мүмкіндік беретініне қарамастан, қазіргі таңда тұрғындардың оған қызығушылығы төмен болып отыр. Өйткені, көп жағдайда үйдің техникалық төлқұжаты, жер учаскесінің актісі деген сияқты құжаттары болмайды әрі тіркеу шарасы күрделі. Нәтижесінде қазір еліміздегі 78 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үйдің небәрі 21 мыңы кондоминиум нысаны ретінде тіркелген.

Енді азаматтарға қолайлы болуы үшін кондоминиум нысанының ортақ мүлігін анықтай отырып, көп пәтерлі тұрғын үйлерді мемлекеттік техникалық зерттеу, мемлекеттік тіркеуге қажетті құжаттарды ұсыну міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеліп, бюджет есебінен іске асырылады.

Сонымен, көп пәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиумын тіркеу шарасы оңайлатылды. Ол үшін екі меншік иесінен өтініш жеткілікті. Нысанды тіркеу шарасын автоматтандырып, мерзімін 1 күнге дейін қысқарту қарастырылған. Құқық белгілеуші құжаттардың нотариалдық расталған құжаттарын ұсыну талабы алып тасталды.