15 нау, 2017 сағат 18:57

Көп күттірген "Қазақ хандығы" телесериалы «31 арнадан» көрсетілмек (Видео)

"31 арнада" тарихи тұсаукесер. Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығына арнайы түсірілген "Қазақ хандығы" телесериалы 19 наурыздан бастап осы арнадан арнадан көрсетіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Алмас қылыш" фильмін прокатқа шығару жұмысын сәтті жүргізген шығармашылық топ енді басты жұмысқа көшкен. Телесериалды халыққа ұсыну. Қазір "Қазақ хандығы" кинодастанының соңғы жұмыстары пысықталып жатқанға ұқсайды. Ал, жоба үшін екі жыл тер төккен режиссер Рүстем Әбдіраш фильм сапасы мен мазмұны көпшілікке ұнайды деген пікірде.

РҮСТЕМ ӘБДІРАШ, "Қазақ хандығы" тарихи кинодастанының режиссері:

- Көрерменге көруге қызық болады деген ойдамыз. "31 арнадан" "Ертұғрыл" деген сияқты сериалдарды көрдік. Олардан артық болмаса, кем болмайтын түрі бар. Алдын ала айтудың қажеті жоқ. Көреміз, халықтың көңілінен шығу керек.

Режиссер кинотеатрлардан көрсетілген "Алмас қылыш" киносы кейбір отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятқанын айтады. "Қазақ хандығы" да сол үдеден шықпақ. Өйткені, сериалда фильмге кірмей қалған көптеген тартымды эпизодтар, қызықты оқиғалар молынан. Өткенін ұмытқан ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болатынын ескерсек, қоғамның рухын оятатын бірден-бір осы тарихи туынды.

Бұған дейін түсірілген тарихи фильмдер: "Көшпенділердің" бюджетінен 6 есеге, ал "Жаужүрек мың баланың" бюджетінен шамамен 2 есеге аз қаражатпен бір фильм және 10 бөлімді телесериал дайындап шыққан шығармашылық топ енді "Қазақ хандығының" екінші маусымын бастауды жоспарлап отыр. Идея, сценарийлік құрылымдар бар, тек қоғамға ауадай қажет туындыны көркемфильмге айналдыру үшін қомақты қаражат керек.

Кинодастанның алғашқы маусымын 19-24 наурыз аралығында 31-арнадан кешкі 22:00-де көре аласыз.