28 мам, 2018 сағат 15:44

Көңіл сырын шерткенде, көктем нұры төгілер

"Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана", дейді Елбасы өз мақаласында. Расында мәдениеті кемел елдің - болашағы жарқын. Рухы биік, алар асуы мол. Құдайға шүкір, сөз қадірін ұғынған, ойы зерек жас ұрпақ өсіп келеді. Олар ұлтын, елін, жерін зор махаббатпен сүйеді. Олай болса, ізгілік нұрына шомылған жас жүректердің бұлқынысын тыңдап көрейік.

ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТШІСІ

100 жыл бұрын Алаш қайраткерлері ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекетке айналу идеясын қалыптастырған еді. Демек, Алаш зиялылары айтып кеткен мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны әскер екенін көрсететін құрылымға да ғасыр болды деген сөз. Қазіргі таңда еліміздің Қарулы күштерініңнық аяқтан тұрғанын жыл сайын 7 мамырда болатын әскери шеруден білеміз. Қазақстан қарулы күштерінің дамуына үлес қосқан азаматтың бірі – Майкеев Мұрат Жәлелұлы.

Мұрат Майкеев 1959 жылы 9 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1994 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдаған. Офицерлік қызметін мотоатқыштар взвод командирінен бастап, батальон командиріне дейінгі барлық буыннан өткен. Осыдан бір жыл бұрын, яғни 2016 жылы 15 қыркүйектен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Бас штабының бастығы болып тағайындалды. Ол біздің заманымыздың батыры десек қателеспейміз.  Мұрат Жәлелұлына ер адамға лайық барлық қасиет тән. Әсіресе, алдына мақсат қойып, оған жетудегі генералдың талпынысы кім-кімге болсын үлгі боларлық.

Замандастарымыз осындай әскери тұлғаларды да біліп жүрсе екен деймін. Өйткені, біздің тыныштығымызды күзетіп жүрген солар ғой.

Сымбат ӘМІР,

 10-сынып оқушысы.

 Гвардейский әскери қалашығы,

Қордай ауданы,

Жамбыл облысы

АНАНЫҢ ҚАБАҒЫ – ҮЙДІҢ АЖАРЫ

Менің анам бастауыш сынып мұғалімі. Қазіргі кезде мұғалімдер жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ береді. Жаңа бағдарламамен жұмыс істеп бастаған мұғалімдердің бірі – анашым. Анамның үнемі мектептен қолы тимейді. Күндіз оқушыларға білім берсе, кешке дәптер тексереді. Оқушылардың қызығушылығын арттырамын деп күні-түні компьютер арқылы түрлі көрнекіліктер жасап шығарады. Анам жұмыстан шаршап келгенде үйдің іші де көңілсіз болып тұрады. Әсіресе, әр тоқсанның соңында мектептен кеш келеді. Өйткені, сыныбындағы 29 балаға білім беру оңай емес. Үйге келе сала тамағын ішіп, келесі күннің сабағына дайындалады. Анамның шаршағанын көрген сайын мен де біреудің анасын шаршатып жүрген жоқпын ба деген ойға қалам. Сөйтемін де жалма-жан сабаққа үлгеруге тырысамын. Қазақта «көршің соқыр болса, көзіңді қысып жүр» деген сөз бар. Ата-анаң мұғалім болса, қалайда мектептегі үлгілі оқушылардың қатарында болуың керек. Мен қай сабаққа дайындалмай барсам, анамның сыныбында сонша бала сабақ оқымай келетіндей боп тұрады. Ал олар сабақ оқымаса, анамның жүйкесі қалай шаршайтынын жақсы білемін. Достар, сендерден өтінерім – сабақтарыңды жақсы оқыңдаршы...

Балнұр ҚАНАТҚЫЗЫ,

Мәншүк Мәметова атындағы мектептің оқушысы.

Түркістан қаласы,

Оңтүстік Қазақстан облысы

ҚОС ШЫНАРЫМ

Бұл – 1989 жылы Ресейдің Пенза қаласынан бастау алған менің қос шынарым – ата-анамның махаббат оқиғасы. Анам Пензада екінші курста оқып жүрген. Әкем Барнаулда екі жыл әскерде болып, институттың бірінші курсын тәмамдап жатқан студент. Шетелдің бір институтында жиналған қазақтардың бірін-бірі танымауы мүмкін емес.Оның үстіне әкем де, анам да Қызылордадан. Әкем –Аралдың жігіті, анам –Тереңөзектің қызы. Әке-шешемнен қалай танысқандарын сұрасам, екеуінің әңгімесі екі түрлі. Анам: «Әкеңді әбден танып білгенімше,одан қорқатын едім. Әскерден енді келген. Қап-қара, арық жігітте не түр болушы еді? Біздің бөлмеге келе жатқанын көрсем, қасымдағы қыздарға «мені жоқ деп айтыңдар» деп шкафтың ішіне тығылып қалатынмын», – дейді. Ал әкем: «Мен жас кезімде жігіттің сұлтаны болатынмын. Содан ізімнен бір кішкентай, нәзік қыз «ағалап» жүгіріп жүретін», – дейді. Анам мен әкем ортақ достарының арқасында тіл табысып кетеді. 1990 жылы жаңа жылды бірге қарсы алмақ болып, студенттер жиналады. Отырыс біткен соң, әкем анамды шығарып саламын деп сылтауратып, жатақханаға барар жолда сезімін білдіріпті. Содан ата-анам уақытты бірге жиі өткізеді. Сабаққа бірге дайындалады, «Узбекистан» атты дәмханадан манты жейді екен. Әкем өзі ұнатпаса да, анам жақсы көретіндіктен оны үнді киноларына да апарады екен. Сөйтіп жүргенде арада тағы бірнеше ай өтеді. Әкем алты қыздың арасындағы жалғыз ұл. Ата-әжем келіннің қолынан шай ішіп, немере сүйгенше асығады. Сөйтіп, 24 тамыз күніне келісіп, әкем анамды пойызбен алып қашады. Бір қызығы, әжем де Тереңөзектің қызы. Содан атам мен әкем ойда жоқта бір-біріне бажа болып шыға келеді. Содан 25 тамыз күні үлкен той болыпты. Осы қуаныш екі еселеніп,тойдың үстінде әкемнің туған тәтесі қыз босанады. Екі жастың махаббаты мөлдір болсын деп, нәрестенің есімін Мөлдір қойыпты. Қазір үйленгендеріне 27 жыл. Ата-анам екі ұл,бір қызды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Ата-анамыз біз үшін сыйластық пен махаббаттың барын дәлелдеген бағдарымыз. Бұл бақыттың ешқашан сарқылмауын Құдайдан ылғи тілеп жүремін.

Данагүл САХИТЖАНОВА,

№ 273 орта мектептің 8 «Ә» сынып оқушысы.

Байқоңыр қаласы

КЕМШІЛІГІН ТҮЗЕТКЕН АДАМ – БАТЫЛ АДАМ

Менің өзіме ұнамайтын мінезім қызғаншақтығым мен сараңдығым. Мен заттарымның су жаңа күйінде тұрғанын қалаймын. Әдемі қарындаштарым бар. Оны өзім де пайдалануға қимаймын. Көрші парталас баланың бояу қарындаштары сынып қалған, таусылған,жұқпайтын түрі еді. Оның менің қарындашыммен бояғысы келгенін байқасам да, байқамағандай отыра беретінмін. Бұл ұнамсыз мінезімнен құтылғым келеді. Бірде әдебиеттік оқу сабағынан «Не жомарт? Кім жомарт?» өлеңін оқып, жомарттықтың не екенін сынып болып ашып әңгімеледік. Менің де жомарт мінезді деген атқа ие болғым келді. Сондықтан кейде өзімді жақсы істер істеуге итермелеймін. Сыныптастарыма қажет заттарын тауып беруге тырысамын. Біреуге пайдам тисе, қуанып қаламын. Содан бері достарыммен де жақсы араласып жүрмін.

Менің ойымша өзінің кемшіліктерін түсініп, түзете білген адам ең ақылды,ең батыл адам. Мен алдағы уақытта бойымдағы барлық жаман, жағымсыз қасиеттерді жөндеп, ата-анамның сүйкімді қызы болғым келеді.

Айзере АРАЛБАЕВА,

№59 орта мектептің 2 «А» сынып оқушысы.

Қарақұм ауылы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы