19 сәу, 2017 сағат 20:28

Көңіл қанаты

Қазақтың қаны ақберен ақындықтың, ақжарма күйшіліктің, сұңғыла сазгерліктің елі екені барша қауымға белгілі. Кезінде Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова бастаған топтың қатарына дарынды тұлға қосылған болатын. Ол адамгершілік пен азаматтық, ақындық пен қаламгерлік қабі­лет пен қасиет бойына дарыған дарынды тұлға Меңдекеш Сатыбалдиев еді.

Ақын жыраулық поэзия мен қазіргі поэзияны ұштастырған серпінді әрі екпінді өлеңдерді қазаққа сыйлап, әдебиет әлеміне жаңа тыныспен келген адуынды қаламгерлердің бірі. Оның өлеңдерін оқып отырғанда таза, нәзік те пәкизат сезімнің адамы екені көрінеді де тұрады. Өлеңдерінде «көңіл» деген сөз көп қолданылады. Үлкен оймен, ауыр мұңмен өрілген өлеңдерінің өзінде тапқыр ой көрініс табады. Жем бойындағы аталар аманаты мен бабалар өсиетін құлағына құйып өскен Меңдекеш ақын жетімдік қасіретін ерте көріп, бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмыстарды атқарып, нәтижесінде бұғанасынан айырылды. Алайда, алдағы күннің алтын шуағына сеніп, келешектен күдер үзбеді. 

Ақынның көзін көрген замандастары сұңғыла ойдың иесі, қаламы қарымды журналист, парасат биігінен көрінген жайсаң азамат ретінде еске алып, зиялы тұлға ретінде жанына ерген елгезек жанның қадір-қасиетін шын ұғатын, бір ғана жолмен жүріп және «Меңдекеш даңғылына» айналғанын тілге тиек етеді. Ақ Жайықтың асау толқынындай тебіренген Меңдекеш шығармашылық бірлестіктің шы­мыл­дығын ашуда, көшбасшылық қалыбын көпшілікке танытып, жанына жойқын жарылыстай таланттарды жинады. Бұл «Жас дәурен» ұйымы еді… Ұйым мүшелері қатарында Ф.Оңғарсынова, Н.Әжіғалиев, Қ.Жүсіп, А.Ершуов, т.б жас дарындар өлең айдынында ақ желкенін көтерді. Отыз жетінің зұлмат жылдарында дүние есігін ашып, кейін балалық шағын сұрапыл соғыс жалмаған Атыраулық Марат Отаралиев пен Меңдекеш Сатыбалдиевтің өлең атты киелі өнерді қолға алуға жарық жұлдыздай ағып түскен Төлегеннің әсері болды. 

«Бүлінді қала сарнап, дала сарнап, 
Біздің де шытырлады қара шаңырақ. 
Біреудің жары қалды тас құшақтап, 
Біреудің қалды артында анасы аңырап», – деп балалық шағы соғыс кезінде өткен ақын сол кезеңдегі жетімдіктің тақсіретін су­реттейді. Алайда, өлеңде мұңдас, сырлас, тағдырлас талант иелері орда бұзар отыздың шеңберінде ғұмырлары күрт үзілді. 

Әттең..! Тек, тұла бойыңды тұмандай жау­лаған, өзекті өртеген өкініш өңешіңнен шы­ғатындай болады. Ол «Арманым» атты өлеңінде: 
…Дариға сонда, 
қоңырауы болып, 
Күнге беттеген күйменің, 
Найзағай тектес 
тілгілеп өтсем, 
көкала бұлттар түйдегін. 
Әлемде бұрын 
бірде-бір пенде, 
Тартпаған дәмдей тамсантып, 
Артымда менің 
Құйқылжып жатса, 
Топан да топан күйлерім. 

Асқақ арманның арғымағына мінген Меңдекештің беймаза көңілі, қиял-ғажайыпқа селкеу түспес сенімі, болашақтағы мол мұрасының мейлінше оқырман қауымның көңілінен шығарына кәміл болуынан туған өлең жолдары құдды ескерткіштің іргетасын қалап кеткендей кейіп танытады. Меңдекештің әлемі – теңіздегі дауыл кезінде көк аспанның төріне тізбектелер шаңқ-шаңқ еткен шағалалардың санатында емес, ұлылығы мен кішілігін тең ұстаған кемеңгерліктің зор үлгісі еді. 

Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбер­геновтің Атырау, Маңғыстауға барған сапарлары қазақ мәдениетінде алтын әріппен жазылатын болған. Қос дарынның тудырған дүниесін құлақтарына құйған қауым басын шайқап таңқалады. Керемет кездесулер мен таңдай қақтыратын оқиғалардың қақ ортасында жүріп, негізгі ұйытқысы – Меңдекеш Сатыбалдиев болған көрінеді. Облыстық радио мен газет арқылы облыс жұртшылығына танылып, арасында ғана республикалық газеттерге мақаласы жарияланып жүрген Меңдекеш өлең атты босағаны кейін аттады.Көкірегінде мөлдір бұлақтай төгілген жыр жолдарын Төлегеннің алтын құлыппен ашып жіберген соң туған, сағыныш сазы мен жүрек тебіренісін қозғайтын қадау-қадау жыр жолдары поэ­зия патшалығының кең сарайын ашқызды. Саф сарқыттай, көмбенің құпия қазынасындай жыр бұ­лағы шөліркеген қауымды сусындатты. Меңдекештің қай өлеңін алып қарасаңыз да, әуелі өмірге деген құштарлық, кейбір тұсында міндетті түрде мұң жатады.

«Көктем» деген өлеңінде: 

Көктемнің мынау алдынан шықтым жүгіріп, 
Кеудемде бір сәт қанатын қағып мың үміт. 
Дүние тұтас айналып кетті базарға, 
Алымсақ арман базарға тартты күбініп, – дейді де, аяғында, «қайран көңілімді қайтейін, әттең, мен ылғи өстіп жүре бермеймін» дегенге келтіреді. Өзінің қыр­шын кететінін, өмірі тым қысқа боларын болжап жазған секілді. 

Көп ұзамай басқа қызметтерге шақыр­тулар түсе бастады. «Мәдениет және тұр­мыс» журналының жауапты хатшысы болып тағайындалып, баспасөздегі орнын заңғар биікке көтеріп, оқырмандарына өзекті әрі танымды мақалалар сыйлады. Ақын өміріндегі шабытты кезеңдердің бірі болды. Әдебиеттегі аға буын мен қатарластарының топ ішінен іздейтін, алтын тәж кигізетін қалаулы азаматына айналды. 

«Жалын тарттым жел қанат бәйгі атының, 
Албырт туған тентекке қайда тыным?! 
Тежемедім тізгінді, қайран жүрек 
алып-ұшып қадайды Айға туын», – деп кезінде шығармашылығына жоғары берген Ғафу Қайырбековке арнаған өлең жолы тұғыры берік, қазыналы жырлардың жалғасы екені белгілі. 
Алаштың ақиық ақыны Фариза Оңғарсынова өз естелігінде: «Шілденің 20-сы күні ғой деймін – кабинетіме Меңдекеш келді. Үстінде ақ көйлегі бар. Өзі ел жаққа іс-сапарға барып, көңілді оралған беті екен. Содан 1-2 ай бұрын Меңдекештің үйінде отырып, екеуміз әдебиет мәселесі төңірегінде келіспей, ақыры «дүрдараз» күйде мен кетіп қалғам. Бұл жолы екеуміз де түк болмағандай жарқылдап әңгімелесе кеттік. Біраз отырды. Өткен-кеткенді еске алдық. Бұл менің Меңдекешті соңғы рет көруім екен. Бірер күн өткенде Меңдекеш ауруханада жатыр деп телефон соғылды. Ақұштап екеуміз такси алып, бардық. Ішке кіргізбейді. Күнде ертемен және жұмыстан кейін Аманкелді мен Комсомол көшелерінің бұрышындағы аурухананың алдында дос-жолдастары болып, тұрып-тұрып кетеміз. Қиналып жатқанын сезіп, іштей егілеміз. Бірақ, қолдан келетін ештеңе жоқ. 2 тамыз күні таңертеңгі 7-де әдеттегідей алып-ұшып ауруханаға келсек, жым-жырт… 

Қазақ поэзиясының көгінен тағы бір жарық жұлдыз ағып өтті», – деді. 

Иә, «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек», – деп өмірдің сан тараулы жолдарын санаға құйған Меңдекеш ақынның мерейі еселене берсін деген тілек бар. 

«Жақсыны көрдім – 
Жарамсақтарға алданған, 
Жаманды көрдім – 
Жақсының атын малданған. 
Бақытты көрдім – 
соңында бұққан қайғысы… 
Не көрмейді адам 
осынау жалпақ жалғаннан?! 
Батырды көрдім – 
Тағдырдың шалған үсігі, 
Ақынды көрдім – 
Қашалған тастан мүсіні…», – деп Меңдекеш ақын жырлағандай, қайран қазағымның тіршіліктегі жақсылығына сүйсініп, жамандығына күйінген ақын болмысының кенеттен қашалған мүсінге айналғанын байқауға болады. Ал, бұл сәуегейлік пе? Тағдыр ма? 

Ақын есімін ардақтау мақсатында Атырау қаласының орталық көшесі мен туған жері Жылыой топырағында мектептің аты берілді. Оқырманы сағынған, елін арманда қалдырған Меңдекеш ақынның 2017 жылы аталып өтілетін 80-жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық дәрежедегі мүшәйра алтын бесігінде өтетін болса, ақын рухын тербетер игілікті шара болары сөзсіз. 

Әділбек Өмірзақов, 

Ұлт порталы