30 қаз, 2017 сағат 08:35

Конфессияаралық татулық – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі

Ұлан-байтақ қазақ жері көпэтносты, көпконфессиялы, бірнеше мәдениеттер тоғысқан мемлекет екені баршаға мәлім. Елімізде жүзден астам тіл мен әр түрлі діндер, солардың ділі мен мәдениеті үндесіп, толеранттылық пен дінаралық татулық жолға қойылған. Нәтижесінде көптеген этностар өкілдері өзара ауызбірлік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Дінаралық келісімге қол жеткізудің тетігі – шынайы діндердің табиғатындағы үндестік. Кез келген діннің жалпы адамзаттық құндылықтарды, этика, эстетика, ғылымның іргетасын құрауы адамдардың өзара түсінісуі мен бейбіт өмірге  жол аша түседі. Діндер арасындағы татулық пен келісім – рухани қажеттіліктерді өтеп, адамзаттық құндылықтардың салтанат құруына негіз болады.

Мәдениеттер мен діндердің өзара түсіністігі – тұрақтылық пен қауіпсіздікке кепіл болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Мәдениеттердің бір-біріне игі ықпалы, имандылық пен парасаттылық, тектілік пен зиялылық арқылы адамзат өркениеті ілгері басатыны анық. Мәдениеттер мен діндер арасындағы татулық пен өзара түсіністік – ұлттар мен ұлыстар қақтығысын болдырмаудың, яғни қауіпсіздіктің басты құралы.

Сонымен қатар, этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезде жалпыхалықтық жетістік болып қала бермек. Мақсатқа жету үшін Елбасының бастамасымен әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі ұйымдастырылып келеді. Дәл осы конфессияаралық диалогтың басқа жиындардан ерекшелігі – ол бір ғана діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті мәселелерді қамтиды. Ең бастысы, мұнда көпэтносты, көпконфессиялы қоғамның мәселелері қаралады.

Елдегі конфессияаралық татулық пен түсіністікке үлес қосып, ел азаматтарының ұлттық және конфессиялық мүдделерін сақтаудың ерекше құралы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызмет етеді. Бұл ретте, Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Ассамблеяның құрылуы қазақстандықтардың рухани күш-қуатын арттырып, толеранттылығын еселейді» деген еді.

Бүгінде әлемде теңдесі жоқ аталмыш институт ел аумағындағы ұлттық-мәдени орталықтар мен бірлестіктердің құрылуына ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, ол конфессияаралық келісім идеясы Мемлекет басшысы тарапынан басымдығы мол құбылыс екенін насихаттап, оның негізі барлық этникалық құрамға азаматтық сыйластықпен қарау және деструктивті позиция қағидаларынан бас тарту екенін түсіндіріп келеді.

Бұл қоғамдық институт халықтар мен ұлттардың біртұтастығын қамтамасыз етудегі басты міндеттерін тиімділікпен іске асыруда. Ұйымның алдына қойған мақсат-міндеттерінің бірі – нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатысына, қандай әлеуметтік топқа жататынына қарамастан, республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының теңдігін, халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді нығайту және сақтау. Қазіргі таңда, Қазақстан халқы Ассамблеясы өз міндеттерін жауапкершілікпен іске асырып келеді.

Сөзімізді түйіндей келе, конфессияаралық келісім – адамдардың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, барлығына мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, тұрақтылық пен тыныштықты орнатуға негізделеді.

Қадыр Мырза Әли: «Татулықтың бәрі – түсінуден, тыныштың бәрі – қанағаттан» - деген қанатты сөзі бекер айтылмағаны анық, себебі, конфессияаралық татулық табысты дамудың кілті болып, еліміздің өркендей дамуына игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Оспан Гүлмира,

ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері