02 нау, 2017 сағат 07:56

Көне мұра қастерлеусіз қала бере ме?

Бүкіл түркі дүниесінің ғажайыбы – Руна-Бітік жазуы туралы көптен бері айтып келеміз. Ол баға жетпес рухани құндылық, Ұлы Дала өркениетінің жойқындығын паш ететін адамзаттық деңгейдегі керемет. Көк түріктерінің ерлігі мен өрлігі, қайғысы мен мұңы, арманы мен аңсауы, аманаты мен өсиеті өрілген киелі мұра. Ата-бабаларымыздың сонау ерте ғасырлардың өзінде адамзаттың бір қапталы қиялдай да алмаған, тағы бір бөлігі енді-енді еңсере бастаған жазба мәдениеттің көшін түзегендігінің жарқын айғағы.

Сол қария ғасырлардағы айбынды да абзал бабаларымызға, ұрандап дүбір сал­ғанда қаптаған қалың жауды шыбын жан­нан түңілткен айбындыларымызға, ба­сы барлар иіліп, тізесі барлар бүгілген қа­һар­ман­дарымызға тағзым етіп жүрсек, өткенге құр­мет, бүгінге ғибрат сол емес пе?!

Алайда, олай жасай алмай жүрміз. «Сонау бастан, о бастан, жаралғалы қара жер, жаралғалы көк аспан, адамзаттан ба­ғы асқан» Естеми мен Бумын, Күл­те­гін мен Білге қағандар жайлы тарихты із­­де­ген­де ғана еске аламыз. Содан кейін бе­л­гі­лі-белгісіз мерзімге ұмытамыз. Олар ерте ға­сыр­ларымыздың асқақтығын ай­ғақ­тап тас тұғырларда заңғарланып тұр­ған жоқ. Не­гі­зі­мізді қалаған, тегімізді тү­ген­деген сол жой­қындар туралы көсіле бая­н­даған көркем туындылар да, жоталы фильмдер де жоқ. «Өлімші халықты қоң­ды еткен, жалаңаш халықты тонды еткен, аш халықты тоқ еткен, аз халықты көп ет­кен» сол кемеңгерлердің рухы: – Бұл қа­­лай? – деп жүрмегей.

Солай налымауын ойлап, алыс дәуір­дегі кереметімізді құрметтейік деп, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметіне екі рет ұсыныспен шық­қанбыз. Іргедегі Ресей, бүкіл Славян дү­ниесі Руна-Бітік жа­зуынан кейін пайда бол­ған, Бұлғар білгірлері жасаған кириллицаны жап­пай қадірлеп, жыл сайын арнаулы күнін дү­рілдетіп өткізіп жатқанда аузымызды қу шөп­пен сүртіп отырғанымыз жарамас, көнені жаң­ғыртайық, іргелі ел екенімізді танытайық де­генбіз.

Қайта-қайта айтқан соң атқарушы билік оң шешімге келіп, Мәдениет және ақпарат министрлігі 2014 жылдың республикалық бюджетіне Руна-Бітік жазуын атап өту үшін қар­жы бөлу туралы негіздемелерді ұсынған бо­латын. Сөйтіп, аталған министрліктің 2014, 2015, 2016 жылдарға арналған бюджетіне біз­дің тілек-талабымыз «Түркі жазбалары мен мәдениеті күні» атауымен енген еді. Күл­те­гін, Білге қаған, Тұй-ұқық, Құүлі-чор, Тер­кін секілді ірі ұстындардағы жазулардың, олар­­дан бөлек 96 жазудың, Тайхор-чулу жар­тасындағы 30 жазудың ішіндегі ұлы жа­зу – Руна-Бітік жазуы біздің бүгінгі рухани өмі­рімізге осылайша қайта оралған-ды.

Осы игі қадамды одан әрі дәйектей түсейік деп, 2013 жылғы 12 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің Дариға Нұр­сұл­т­анқызы Назарбаева басқарған Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің ұйым­дастыруымен Еуразия Ұлттық уни­вер­ситетінде кеңейтілген кең­ес өткізілді.

Кеңесте аталған өзекті мәселе хақында ойы­мызды ортаға салып, бірнеше жанама ұсы­ныстар да айттық. Күлтегін кешенін Ре­сей зерттеушісі Н.Ядринцев алғаш тауып, әлем­нің назарын аударса, ондағы таңбаларды тұң­ғыш таратып оқыған, «Руника» аталған кө­не мәтінді сөйлеткен Дания ғалымы, Копе­н­гаген университетінің салыстырмалы тіл бі­лі­мі кафедрасының профессоры Вильгельм Том­сен екенін, түркі мәдениетіне осындай ай­рықша еңбек сіңірген ғұламаның есімін Аста­надағы бір көшеге берсек, құба-құп емес пе дегенбіз.

Асылында, бұл әділдік әрі қария тари­хың­ды сөйлеткен ғалымға бүкіл түркі дүние­сі­нің атынан жасалған құрмет болар еді ғой. Алайда, ұсыныс әлі күнге дәй­ек­телген жоқ. Оның есесіне шетелдер ас­таналары мен қай­рат­керлерінің есімдері бе­рілген кө­ше­лер­дің қа­тары жыл санап толығып келеді.

Бұл ұсыныстарды «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің есіне салсақ әлі де ойланар деп үміттенеміз.

Еуразия Ұлттық университетінде өт­кен, жоғарыда аталған кеңесте Руна-Бітік жа­зуын жыл сайын қай күні атап өту ке­рек­тігі жайлы түрлі пікірлер айтылды. Күл­т­егін көк тасының көшірме нұсқасы елге жеткізілген күнді ескеру керек шығар де­ген ой ортаға түсті. Оны бел­гілі ғалым Мыр­за­тай Жолдасбеков құп­тап, сол күнді, яғни 18 мамырды бел­гі­леуді ұсынды. Кеңеске қа­ты­сушылар бір­ауыздан келісті. Дәл осы кү­ні, 2001 жылы тарихи мұра елге әкелініп, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Еу­разия ұлттық университетінің төріне қон­дырылған болатын.

Осындай сындарлы жолдан өткен ой-та­лап енді нақты жүзеге асырылуы керек. Тиісті министрліктер, жалпы атқарушы билік кейінге ысыра бермей, нақты іске кірісетін кез жетті. Заманында алыс-жақынға ықпалды болған, ел құраған ата-бабаларымызға тарих та, бүгінгі есті ғасыр да риза. Сол бір қария дәу­ір, көктүріктің алыптары мен алдиярлары ен­ді бізге риза болсын. Көне мұраны, киелі мұ­раны қастерлейік.

Алдан СМАЙЫЛ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

"Егемен Қазақстан" газеті